banner

"Қайрат" тағы да жеңілді

1349

Теледидардан көрінбеген оқиғалар жайлы не білесіз?

"Қайрат" тағы да жеңілді

Алматылық "Қайрат" швейцариялық "Базель" қақпасына 1 голдан артық гол салған жалғыз команда. Себебі "Қарабах" та, "Омония" да бұл команданың қақпасына бір ойында 2 гол салып көрмеген. Швейцария футболының тұрақты чемпионы, еурокубок ойындарына үнемі қатысып жүретін тәжірибиелі команда алматылық команданы жеңіп, кезекті үш ұпайын еншіледі. Бұл матчта сонымен қатар, жанкүйерлердің Вагнер Лавпен қоштасуы орын алды. Бразилиялық сұрмерген келесі маусымнан бастап өзге клубқа ауысады. 37 жастағы бразилиялықтың келісім-шарты аяқталып, "Қайрат" футбол клубы онымен келісімді ұзартудан бас тартты.

Ойын негізі дәл осы Вагнер Лавтың голынан басталды. "Қайрат" сапындағы тағы бір бразилиялық футболшы Жоао Пауло Вагнерге дәл пас шығарды. Ал Лав бос қақпаға допты бұра салып, кездесу есебін ашты. Бірінші таймның соңына таман қорғаушы Дино Миканович айып алаңының ішінде ойын тәртібін бұзды. Соның салдарынан төреші күмәнді пенальти белгіледі. Оны бразилиялық шабуылшы Кабрал голға айналдырды. Айтпақшы, бұл шабуылшыға қазір "Барселона" клубы қызығушылық танытып отыр. Бразилиялық 23 жасар шабуылшы 13 ойында 13 гол салып, Швейцария чемпионатының үздік сұрмергені болып келеді. Сонымен бірге бұл ойыншы Конференция лигасында салған 11 голын да айта кетейік.

Екінші таймның басында "Қайрат" қайтадан алға шықты. Алаңға алмасып шыққан Камо Огонесян Айбол Әбікеннің соққысынан кейін бос қақпаға гол салды. Алайда араға 10 минут салып "Базель" футболшысы Жегрова таразы басын теңестірді. Косоволық футболшы алыстан жойқын соққы бағыттап, Стас Покатиловтың мықты қақпашы еместігін көрсетіп берді. Сосын Касамидің соққан голы қонақтарды алға шығарды. Жылдам ұйымдастырылған комбинацияға керемет нүкте қойылды. "Қайрат" футболшылары осындай шабуылдарды шынайы өмірде көріп, риза болысты. Иә, қай жерден үйрену керектігін олар түсінген шығар. Қалай ойнау қажеттігін де түйсінген шығар.

Енді Құрбан Бердыевтің командасы 10 желтоқсан күні Кипрде "Омония" командасымен кездеседі. Бұл матчтың нәтижесі тек топ ішіндегі 3 орын үшін ғана маңызды болуы ықтимал. Одан бөлек "Қайрат" командасы осы жексенбі күні Қазақстан кубогінің финалында өнер көрсетеді. Алматылық клубтың қарсыласы қарағандылық "Шахтер" болады. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу