"Қайрат" тағы да жеңілді, "Астана" мен "Тобыл" тең тарқасты

2084

Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші турында "Ордабасы" алматылық "Қайратты" қабылдады. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

"Қайрат" тағы да жеңілді, "Астана" мен "Тобыл" тең тарқасты

Бірінші таймда қонақтардың қорғаушысы Егор Ткаченко өз айып алаңында қолмен ойнағаннан кейін 11 метрлік айып добы белгіленді. Оны 11-минутта Эльхан Астанов мүлтіксіз пайдаланды. Дегенмен 31-минутта алматылық Артур Шушеначев таразы басын теңестірді. Ал 52-минутта "Ордабасының" сұрмергені, франциялық Серж Ньюадзи командасын алға шығарды – 2:1. Содан кейін 76-минутта "Қайрат" сапындағы португалиялық Рикардо Алвеш тепкен пенальтиді "Ордабасы" қақпашысы Бекхан Шайзада қайтарып, алматылықтардың есепті теңестіруіне мүмкіндік берген жоқ.

Осы орайда Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев Қазақстан чемпионатының 8-туры аясында "Ордабасымен" болған ойынға (1:2) қатысты өз пікірін білдірді.

"Менің ойымша, біз жеңіліске лайық емеспіз. Кейбір сәттерде шабуылды түйіндей алмай жаттық. Ал кейбір тұстарда қарсыластың қақпашысы тамаша өнер көрсетті. Ойыншылар алаңда бар күшін салып, беріліп ойнады. Енді "Қызыл-Жармен" болатын ойынға дайындалу қажет, жіберілген қателіктерді пысықтап, дұрыс қорытынды жасауға тырысамыз", – деді алматылық клубтың бас бапкері.

Сонымен қатар 8-тур аясында "Тобыл" "Астанамен" тең ойнады. Матч Қостанайдағы "Тобыл Арена" стадионында өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойынның 34-минутында "Тобыл" қорғаушысы Жарко Томашевич өзінің бұрынғы командасына гол соқты. Бірінші таймның қосымша уақытында Игорь Сергеев пенальтиді сәтсіз орындады. Ал 55-минутта Педро Эуженио тамаша гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті.

Матчтан кейін "Астананың" бас бапкері Срджан Благоевич өз пікірімен бөлісті.

"Бірінші таймда болған жайттарға қарамастан, жоғары деңгейде ойын көрсеткен, мінез танытқан командамды, ойыншыларды құттықтағым келеді. Ойын барысында табандылық танытқаны үшін алғыс білдіремін. Бәрі де көңілімнен шықты. Тартысқа толы матч, керемет эмоцияға куә болдық. Қиын жағдайға қарамастан жақсы өнер көрсетті. Қазақстанда VAR жүйесі қосылғанда қуанған едім. Бірақ біреулер оған бағынса, енді біреулер үшін VAR жүйесі мүлдем жоқ сияқты әсер қалдырады. Мен барлық командаға бірдей қарағанын қалаймын. Сұрайтыным тек осы. Бапкер ретінде біреуден асып түсейін деген ойым жоқ, көмек те сұраған емеспін. Тек ереже бәріне бірдей болса деймін. Еліміздегі ең ірі клубтардың бірі – "Астана" бүгінгі жағдайға лайық емес. Бір де бір клуб осындай қарым-қатынасқа лайық емес.

"Тобылға" алдағы уақытта сәттілік тілеймін. Нәтижеге келсек, бүгін жеңіске жетпегеніміз өкінішті-ақ. Десек те жеңіске лайықты болдық. Бірақ ойынның қорытынды есебі 1:1. Бір ұпай еншіледік. Тек алға ұмтыламыз. Біздің команданың сенімі мен жігеріне қарап, алда тек жақсы ойын көрсетеміз деп сенімді түрде айта аламын", – деді "Астананың" бас бапкері.

Жалпы турнирлік кестеде әзірге "Ордабасы" көш бастап тұр. Ал елордалық "Астана" екінші орынға көтерілді. "Каспий" үздік үштік қатарында қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу