"Қайрат" "Тобылдан" басым түсті

1666

Алматылық клуб көшбасшылықты сақтап қалды.

"Қайрат" "Тобылдан" басым түсті

Бүгін Қазақстан премьер-лигасының 5-тур ойындары аясында алматылық "Қайрат" пен қостанайлық "Тобыл" арасында кездесу өтті. Ойын Орталық стадионда 3:1 есебімен, "Қайраттың" пайдасына аяқталды.

Кездесудің 6-минутында "Қайраттың" футболшысы черногориялық Небойша Косович есеп ашты. Сондай-ақ бүгін көзге түскен ойыншылардың бірі сербиялық қорғаушы Раде Дугалич. Ол 16-минутта команда капитаны Гафуржан Суюмбаевтың бұрыштамадан тепкен добын қақпаға дәл бағыттады. Ал, ойынның 48-минутында Игорь Шацкийдің қақпасынан саңылау тапқан Косович есепті еселей түсті. Нәтижесінде, ол бүгінгі кездесуде дубль авторы атанды.

Екінші таймның 66-минутында "Тобыл" қарсыластарына бір гол соқты. Оның авторы армениялық жартылай қорғаушы Петрос Аветисян. Ол алаңға 2-таймда шыққан болатын. Сондай-ақ 75-минутта алаңға Бразилия ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Вагнер Лав та шықты. Бұл оның ҚПЛ-дағы екінші матчы.

Сонымен, 15 ұпаймен "Қайрат" Қазақстан премьер-лигасында көш бастады. Ал төрт ойында жеті ұпай жинаған "Тобыл" турнирлік кестенің 4-сатысына жайғасты. Сондай-ақ, 5-тур ойындары аясында "Ордабасы" "Каспиймен" кездесті. Шымкенттік клуб қарсыласынан басым түсіп, матч 1:0 есебімен аяқталды.

Ертең тағы үш ойын өтеді: "Астана" - "Оқжетпес" (басталуы - 16:00), "Қайсар" - "Жетісу" (18:00) және "Қызыл-Жар СК" - "Шахтер" (21:00).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу