"Қайрат" "Тобылдың" тас-талқанын шығарды

1205

Вагнер Лав екінші матч қатарынан пенальтиді сәтсіз орындады.

"Қайрат" "Тобылдың" тас-талқанын шығарды

Қостанайлық "Тобыл" Премьер-лиганың 15-турында Алматылық "Қайраттан" оңбай ұтылды. Талғардағы Ұлттық құраманың базасында өткен матч 0:4 есебімен аяқталды. Ойынның есебін 8-минутта Абат Айымбетов ашты. Қақпашымен жеке-дара шыққан ол допты Мокиннің үстінен асырып тастай салды. 28-минутта Вагнер Лавтың нәтижелі пасынан кейін Гафуржан Сүйімбаев есепті еселеді.

Матчтың 44-минутында Небойша Косович тікелей айып соққысынан гол соғып, есепті 0:3-ке жеткізді. Ал 67-минутта Вагнер Лав қорғаушылардың қателігін сәтті пайдаланып, командасының төртінші голын соқты.

Матч аяқталған соң "Қайрат" клубының бас бапкері Алексей Шпилевский ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

"Біз әр матчта мүмкіндігінше гол соғып, өз қақпамызға гол жібермеуге тырысамыз. Бүгінгі болған ойын осы жоспардың орындалғанын және біздің гол соғуға деген құштарлығымыз бен алға ұмтылғанымызды көрсетеді. Бірінші таймда біз командалық-агрессивті футбол көрсеттік. Біздің жаттықтырушылар құрамы да дәл осындай ойынды көргісі келген. Екінші таймның ортасында позицияларға өзгеріс енгізіп, соңғы матчтарда көп ойнаған ойыншыларға демалыс беруге шешім қабылдадық, сонымен қатар біз жас таланттарымызға ойын уақытын бөлдік. Мен бүгінгі матчқа риза болдым. "Астанамен" болатын ойынды асыға күтеміз. Біз тағы да жеңіске жетіп, алғашқы жеңістің кездейсоқ емес екенін дәлелдегіміз келеді" - деді алматылық клубтың бас жаттықтырушысы.

"Қайрат" осы жеңістің арқасында 38 ұпаймен көш басында қала береді. "Тобыл" 23 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.

Сондай-ақ шымкенттік "Ордабасы" Премьер-лиганың 15-турында ақтаулық "Каспийден" басым түсті. "Жас Қыран" стадионында өткен матч 2:1 есебімен аяқталды.

Кездесудегі алғашқы голды 23-минутта "Каспий" соқты. Команда капитаны Руслан Сақалбаев бұл голды өз еншісіне жазды. Оның айып алаңының сыртынан жасаған соққысы Шайзаданың қақпасынан табылды. Дегенмен 50-минутта Жоао Пауло Рубен Бриджидоның пасынан кейін есепті теңестірді. Ал 61-минутта қақпашымен жеке-дара шыққан Жоао Пауло дубль жасап, командасына үш ұпай сыйлады. "Ордабасы" бұл жеңістен кейін 27 ұпаймен екінші орынға көтерілді. "Каспий" 11 ұпаймен соңғы орында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу