Бұл – қазақстандық ұжымның турнирдің финалындағы төртінші ойыны болды.
Кездесу қарқынды басталды. 9-минутта екі команда да бір-бір голмен алмасты. Хесус Гордильо мен Кайо Руиз көзге түсті. Бірақ тайм соңында "Пальма" тізгінді қолға алып, Лукас Машадо мен Марио Ривильос арқасында есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші таймның басында Фабиньо есімді бразилиялық шабуылшы нағыз шоу көрсетті. 9 минут ішінде 4 гол соғып, алматылықтардың қорғаныс шебін толық күйретті. Бұл сәттен кейін "Қайратқа" есе қайтару мүмкін болмады.
Осылайша, "Пальма" Чемпиондар лигасын қатарынан үшінші рет жеңіп отыр. Бір таңқаларлығы клуб Испания чемпиондығын әлі алмаған, бірақ Еуропа додасында 24 матч – 24 жеңіс көрсеткішімен абсолютті рекорд орнатты.
Ал, "Қайрат" бұл жолы кубоксыз қалды, бірақ Еуропадағы үздік клубтардың бірі екенін тағы да дәлелдеді. Команда Қазақстан футзалының мақтанышы болып қала бермек.