Алматылық "Қайрат" футзалдан 2020/21 Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шықты. 1/16 финалдық кездесуде "Қайрат" Беларуссияның "ВитЭн" командасын сырт алаңда 5:3 есебімен жеңді.
Каканың шәкірттері бірінші таймда жауапсыз үш гол соғып, жеңіске деген нық қадам жасады. Алматылықтар кездесу басталысымен 11 секундтан кейін есеп ашты. Гол авторы Савио. Матчтың 16-минутында Умберто команданың басымдылығын арттырса, 18-минутта Диего есепті 3:0-ге жеткізді.
Екінші таймның басында "ВитЭн" белсенді өнер көрсете бастады. Нәтижесінде олар екі гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда кезекті шабуылда Біржан Оразов есепті еселеп, 4:2-ге жеткізді. 36-минутта беларуссиялықтар қарымта қайтарды. Бірақ екі минуттан кейін Дуглас Коста "Қайраттың" басымдылығын одан әрі нығайтып, кездесуге нүкте қойды. Қорытынды есеп 5:3.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 2013/14 маусымда беларусьтар Алматыға Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне қатысу үшін келген болатын. Ол уақытта "Қайрат" "ВитЭн" командасын 9: 0 есебімен жеңді.
Сонымен қатар бүгін футзалдан "Ақтөбе" командасы да 2020/21 Чемпиондар Лигасындағы алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. 1/16 финалдық кездесуде ақтөбеліктер грекиялық АЕК-ті 5:2 есебімен жеңді. "Қайрат" пен "Ақтөбенің" қарсыластары жеребе нәтижесі бойынша анықталады. Турнирдің осы кезеңіндегі матчтар 16-21 ақпан аралығында бір кездесу форматында өтеді.
Ермұхамед Мәулен