""Қайрат" футзал клубы Румыния Ұлттық құрамасының ойыншысы Савио Валадареспен келісім-шарт жасағаны туралы мәлімдейді. 26 жасар футболшымен арадағы келісім-шарт екі маусымға, 2020/2021 және 2021/2022 жылдарға арналған", - деп хабарлайды футзал клубының ресми сайты.
2016-жылға дейін Савио Бразилияда "Ботафого" клубында ойнаған. Сол жылы Румынияның Informatica Timisoara футзал командасына ауысады. Соңғы екі маусымда бразилиялық Румынияның үздік футзал клубтарының бірі "Империалда" ойнады. 2017 жылы Румыния азаматтығын қабылдаған Савио сол елдің Ұлттық құрамасында ойнап, 2018-жылы өткен Еуропа чемпионатына қатысады.
"Клубтың және жанкүйерлердің атынан біз жаңа ойыншыны қуана қарсы аламыз және келісім-шарт жемісті нәтижесін көрсетіп, бірге биік белестерді бағындырамыз деген ойдамыз", - деп хабарламада жазылған .
Бұл пандемия басталғалы бері шетелдік футболшылармен жасалған "Қайраттың" үшінші келісім-шарты. Маусым айының соңында алматылық футзал клубы УЕФА кубогінің иегері Гадейя лақап атымен танымал, "Қайраттың" басты қарсыласы испаниялық "Интер Мовистар" командасында соңғы үш маусым өнер көрсеткен Фабрисио Бастезинимен келісім-шарт жасады.
Ал шілде айының басында алматылық футзал командасы 2012-жылы Бразилия құрамасымен бірге Әлем чемпионатында жеңіске жеткен Фернандиньоны команда сапына алды. Ол әлемнің ең үздік футзал ойыншыларының бірі. Спорттық мансабында 2009-2017 жылдар аралығында Мәскеудің "Динамоның" намысын қорғай жүріп, Ресей чемпионатының үздік шабуылшысы атанған. Ал 2013-жылы құрлықаралық Кубок ойындарының қорытындысы бойынша "Ең бағалы ойыншы" атағын жеңіп, Ресейдің бес дүркін чемпионы атану үшін командасына көмектесті.
Енді аталған ойыншылар ресми түрде "Қайрат" футзал клубының ойыншылары. Чемпионат қайта жалғасын тапқаннан кейін олардың барлығы алматылық футзал клубының намысын қорғайтын болады.
Ермұхамед Мәулен