"Қайратты" Кабанангамен "ұрып" алды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3234

"Астана" Алматыда жергілікті "Қайратты" ұтып, Қазақстан суперкубогын төртінші рет иеленді. 

"Қайратты" Кабанангамен "ұрып" алды

Қазақ даласына да 2019 жылғы теңбіл доп додасы жетті. Жаңа маусымды биыл да "Астана" мен "Қайрат" ашып, еліміздің суперкубогын сарапқа салды. Маусым аралығында екі клубтың да құрамы біршама өзгергендіктен, жанкүйерлер елеңдеп, қос команданың негізгі құрамдарын асыға күткен.

Өткен жылғы ел чемпионы, яғни "Астана" клубы Алатау бөктеріндегі жасыл алаңға тек Дорин Ротариуді (Румыния) шығарса, былтыр ел кубогын жеңіп алған "Қайрат" Раде Дугалич (Сербия), Дино Миканович (Хорватия), Хан Чжон Ву (Корея) және Конрад Вжесински (Польша) төртеуіне сенім артты.

Маусымның ең алғашқы ойыны болғандықтан, бұл матч аса жоғары қарқында өткен жоқ. Әйтсе д екі команданың ойыншыларына да жылдамдықтарын көрсетуге тура келді. Өкінішке қарай, құрамында Исламхан мен Исаэль жоқ "Қайраттың" ойын өрнегі үйлеспеді. Бірі жарақаттанып қалса, екіншісі командадан кетіп қалған. Ал жаңа ойыншылары өз мүмкіндіктерін көрсете алмады.

"Астана" айқын басымдық танытпаса да, аса қиналмай жеңді. Былтырғы құрамының негізін және ойын өрнегін сақтап қалуға тырысыпты. Екі голды да Джуниор Кабананга соқты. Екеуінде де қақпаны алыстан да, жақыннан да дәл көздей алатынын паш етті. Осы матчтың алдында ғана өзін мақтаған бас бапкерінің сенімін ақтады.

Ал "Қайраттың" украиналық сұрмергені Адеринсола Эсеола матч соңында "Астана" қорғаушысын шынтағымен ұрып, алаңнан қуылды. Әрі Алматы клубының бас бапкері Алексей Шпилевский тәжірибелі футболшыларының кейбіреулерін алаңға шығармай немесе кеш шығарып, қайран қалдырды.

"Астана" – "Қайрат" – 2:0

Голдар: Кабананга, 7. Кабананга, 67.
Ескертулер: Бейсебеков 45, Постников 56
Алаңнан қуылды: Эсеола, 84.
"Астана": Эрич, Бейсебеков (Шомко, 46), Аничич, Постников, Рукавина, Логвиненко, Маевский, Ротариу (Перцух, 90+4), Томасов, Муртазаев, Кабананга (Янга, 78).
"Қайрат": Покатилов, Ахметов (Кейлер, 71), Дугалич, Миканович, Әбікен (Оразов, 50), Қуат, Хан Чжон Ву (Тұңғышбаев, 64), Вороговский, Вржешински, Эсеола, Швырев.

Бас төреші: Игорь Чесноков (Өскемен)
3 наурыз. Алматы. "Орталық".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу