Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі әрбір жеңіс клубтарға 2,1 млн еуро, тең нәтиже – 700 мың еуро, ал негізгі раундқа қатысу командаларға 15,64 млн еуро көлемінде базалық бонусқа кепілдік береді.
Екі турдан кейін көш басында – ПСЖ (67.89 млн еуро). Олар "Барселонаны" жеңіп, ең көп ұпай жинады. Қаржылық көрсеткіштер бойынша алғашқы ондықта Еуропаның топ-5 лигасының клубтары: "Манчестер Сити" (65.9 млн.еуро), "Бавария" (64.84 млн еуро), "Интер" (55.77 млн еуро), "Реал Мадрид" (64.25 млн еуро), "Ливерпуль" (63.23 млн еуро) және басқалар.
Алматының "Қайраты" жалпы кезеңде дебют жасап, турнирді сәтсіз бастаса да, қаржылай тұрғыдан табыс қазірдің өзінде клуб үшін рекордтық сома болып отыр. Қазақстандық клубтың ең төменгі табысы 20,25 млн еуро, оның шамамен 17 млн еуросы турнир басталардан бір апта бұрын УЕФА тарапынан базалық төлем ретінде клуб шотына түсті.
"Қайрат" топтық кезеңде әзірге жеңіске жеткен жоқ. Сондықтан 2 турдан кейін қосымша бонус алмады. Бірақ, алдағы ойындарда жеңіс не тең нәтиже болса, табыс көбейеді.
Әзербайжанның "Карабах" клубы екі жеңіс үшін 4,2 млн еуро еншілеп, жалпы кестеде 32-орында тұр.
Биыл Чемпиондар лигасы-2025/26 клубтарға тарихтағы ең ірі көлемде сыйақы беріп отыр. Нақтырақ айтсақ жалпы сома 2,4 млрд еуродан асады.