"Қайрат" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі барлық өз алаңындағы матчтарын Алматыда өткізуді көздеп отыр. Дегенмен, клуб ел аумағындағы ойындар үшін қосымша балама нұсқаны да қарастырған.
Жоспар бойынша алматылықтар үйде төрт кездесу өткізбек:
– 30 қыркүйек – "Реал Мадрид",
– 21 қазан – "Пафос",
– 9 желтоқсан – "Олимпиакос",
– 20 қаңтар – "Брюгге".
Алайда Алматыдағы қысқы ауа райының қолайсыздығына байланысты "Олимпиакоспен" және "Брюггемен" өтетін ойындардың Астанада өтуі ықтимал. Әсіресе желтоқсан мен қаңтар айларындағы суық температура матч өткізуге қиындық туғызуы мүмкін. Осыған орай, негізгі "Орталық" стадионнан бөлек, "Қайрат" қосалқы алаң ретінде "Астана Арена" стадионын тіркеді. Сондықтан аталған екі ойынның елордада өтуі де әбден мүмкін.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойында "Қайрат" сырт алаңда португалиялық "Спортингтен" 1:4 есебімен жеңіліп қалған болатын. Ал екінші турда "сары-қаралар" Алматыда мадридтік "Реалды" қабылдайды. Бұл кездесу 30 қыркүйекте өтеді.