"Қайраттың" тағы бір жас талантына алпауыт клубтан ұсыныс түсті

543

"Қайрат" футбол клубының шабуылшысы Дәулет Орынбасар жақын арада Ресей Премьер-лигасының жетекші клубтарының біріне ауысуы мүмкін.

"Қайраттың" тағы бір жас талантына алпауыт клубтан ұсыныс түсті Фото: Қайрат ФК

Алматылық клубтың президенті Қайрат Боранбаевтың мәлімдеуінше, Дәулетке ЦСКА клубынан ресми ұсыныс түскен.

Сонымен қатар, "Зенит" командасынан да ресми ұсыныс бар екені расталды.

– Иә, бұл футболшы бойынша бізге екі ұсыныс түсті – "Зенит"пен ЦСКА клубтарынан. Қазіргі уақытта аталған клубтармен келіссөздер жүргізілуде. Дәулет өте жас әрі талантты ойыншы. Біз оны мұндай деңгейдегі ауысуға кезең–кезеңімен дайындауымыз қажет. Ойыншыны тек сату үшін емес, жаңа клубында тұрақты түрде негізгі құрамда ойнауы үшін ауыстыру маңызды, – деді Қайрат Советайұлы. 

Айта кетейік, 2024 жылғы маусым қорытындысы бойынша Дәулет QJ League ұйымдастырған марапаттар аясында 17 жасқа дейінгі санатта бірден екі номинацияда жеңімпаз атанды – "үздік ойыншы"және "үздік сұрмерген". Өткен маусымда ол 17 матчқа қатысып, 28 гол соғып, 14 нәтижелі пас берген.

Сонымен қатар, наурыз айының ортасында шабуылшы Қазақстан жастар құрамасының Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін сәтті бастауына зор үлес қосты. Грузияға қарсы өткен кездесуде ол құраманың барлық үш голына тікелей қатысып, екі гол соғып, бір нәтижелі пас берді (3:0). Ал Литвамен болған ойында бір гол мен бір ассист авторы атанып, матч 5:2 есебімен аяқталды.

"Қайрат" пен "Зенит" клубтары арасында берік әрі достық қатынастар орнаған. Бұл фактор жас футболшының ресейлік клуб сапына ауысуына әсер етуі мүмкін. Дегенмен, Дәулеттің РПЛ–дың үздік командаларының біріне ауысуының өзі "Қайрат" клубының балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бағытындағы табысты жұмысының кезекті дәлелі болмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу