"Қайсар" клубын келесі жылы жергілікті бапкер жаттықтырады

1578

Бұл қызметке үміткер болатын үш маманның есімі аталды.

"Қайсар" клубын келесі жылы жергілікті бапкер жаттықтырады

Қызылордалық "Қайсарды" келер жылы жергілікті бапкер жаттықтырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов мәлімдеді.

"Қазіргі таңда бапкерлік қызметке үш үміткер бар. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін "Қайсардың" аналитик жаттықтырушысы қызметін атқарған Қанат Шерімбетов, "Байқоңыр" командасының бас бапкері Ерлан Шойтымов және жергілікті жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаев бар. Осы үш бапкердің жұмыс жоспарын анықтап, лайықтысын жауапты қызметке тағайындаймыз. Жергілікті мамандар Премьер-лигада команданы жақсы нәтижеге жетелейтініне сеніммен қараймын", - деді Жақсылық Оспанов.

Сонымен қатар "Қайсар" футбол клубының жаңа маусымдағы бюджеті 1 млрд 600 млн теңге болады деп жоспарлануда. Команданың 60 пайызын жергілікті ойыншылар құрайтын болады.

"Бас бапкер тағайындалғаннан кейін "Қайсар" футбол клубы жаңа маусымға дайындығын бастайды. Команданың негізгі фронтын жергілікті ойыншылар құрайды. Бүгінде Думан Нәрзілдаев, Ілияс Әмірсеитов, Нұрымжан Салайдын, Шоқан Абзалов, Иван Граф, Марсель Исламқұловпен келер жылға келісім-шартымыз бар. Сондай-ақ Александр Марочкин, Бағдат Қайыров, Александр Заруцкий, Элгуджа Лобжанидзе секілді футболшылармен келіссөздер жүргізудеміз", – деді клуб директоры Серік Досманбетов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу