Клуб ішіндегі ақпарат көзінің мәліметінше, тағы бір нигериялық футболшы, тәжірибелі вингер Ахмед Мұса қатарға қосылуы ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл бастамаға жұлдызды легионер Виктор Мозес ықпал еткен делінеді. 33 жастағы Ахмед Мұса Нигерия құрамасының рекордсмені саналады және ресейлік ЦСКА сапындағы өнерімен жанкүйерлерге жақсы таныс.
Қызылордалық клуб өкілдері жуырда футболшымен байланысқа шыққанымен, келісімшарт мәселесінде асығыстық жоқ. Басшылық соңғы шешімді қабылдауға дейін бірнеше күндік үзіліс алуды жөн көрген.
Қазір Ахмед Мұса Нигерияның "Кано Пилларс" клубында доп тебеді. Әр жылдары ол Түркияның "Сивасспор", "Фатих Карагюмрюк", Сауд Арабиясының "Әл-Наср", Англияның "Лестер", Нидерландтың "ВВВ-Венло" және Нигерияның "ФА Аминчи" командаларында жасындай жарқырады.
Футболшы 2010 жылдан бері ұлттық құрама сапына тұрақты түрде шақырылып келеді.