"Қайсар" Премьер-лиганың алтыншы турында "Атырау" клубымен кездесті. Матч Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.
"Қайсар" алғашқы минуттардан-ақ ойынды өз бақылауына алды. Және төртінші минутта есеп ашты. Каролис Лаукжемис "Атырау" қақпасының осал тұсын таба алды. Ал жауапты гол 83-минутта соғылды. Бұл жолы ресейлік қорғаушы Дмитрий Гузь көзге түсті. Екінші матчта қатарынан бір ұпайға қол жеткізген "Атырау" командасы он бірінші орынға көтерілді (2 ұпай). Бес ұпайы бар қызылордалық клуб бір саты жоғары тұр.
Сонымен қатар елордалық "Астана" Премьер-лиганың алтыншы туры аясында петропавлдық "Қызыл-Жар" клубымен кездесті. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 3:1 есебімен аяқталды.
"Астана" ойын бастала салысымен есеп ашты. 4-минутта Абзал Бейсебековтің алыстан бағыттаған соққысы қақпа торында тулады. Ал "Қызыл-Жар" 40-минутта бұл голға жауап қатты. Әлібек Қасым нәтижелі соққымен көзге түсті. Бірақ "Астанаға" үш ұпай еншілеу үшін екі минут жеткілікті болды. 65-минутта Марин Томасов өз стилінде гол соқса, екі минуттан соң Макс Эбонг Тигран Барсегянның пасын ұтымды пайдаланып, матчтың нүктесін қойды. Андрей Тихонов шәкірттері бұл жеңістен кейін 14 ұпаймен турнирлік кестедегі алғашқы орнын сақтап қалды. "Қызыл-Жар" жеті ұпаймен жетінші орынға жайғасты.
Жамбылдық "Тараз" Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы туры аясында оралдық "Ақжайық" клубын қабылдады. Кездесу Тараздағы Орталық стадионда өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Ойынның бірінші таймында гол көре алмадық. Ал екінші тайм бастала салысымен "Тараз" шабуылшысы Педро Эуженио есеп ашты. Матчтың соңына дейін қос командада да гол соғатын мүмкіндіктер болғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. "Тараз" бұл ойыннан кейін 14 ұпаймен турнирлік кестеде екінші орынға көтерілді. 6 ұпайы бар "Ақжайық" сегізінші орында қала берді.
Ермұхамед Мәулен