"Қайсар" мен "Каспий" клубтарына тықыр таянды

1522

"Қайсар" футбол клубының тағдыры не болмақ? Клуб басшылығы мен футболшылар арасында ақша үшін кикілжің шықты.

"Қайсар" мен "Каспий" клубтарына тықыр таянды

Қызылордадағы мәселе мүлде ерекше. Клуб басшылығы футболшылардың жалақысын қысқартуға кірісті. Келіспейтіндерге есік ашық. Ризашылығын бермеген ойыншылармен келісім-шарт бұзылып, оларды еркіне жібереді. Басында 40 процентке қысқарту туралы айтылған. Қазір 20 процентке азайған секілді. Бірақ оны да көп көретіндер бар екен. Қыста Қызылорда командасын жағалаған Иван Пешич сыр өңірінде көп аялдаған жоқ. Жаңа команда іздеп кетті. Хорват футболшысы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Ақтауда да футболшылардың жанайқайы шыққан еді. "Каспий" легионерлеріне жалақы төленбей, команданың жаттығуына тыйым салынды. Осы жағдайға байланысты ойыншылардың ашық хаты да жария болды. Кейін күрделі мәселенің күрмеуі шешілгендей: Республикалық және жергілікті деңгейдегі құжатта техникалық ақаулар болған мыс. Клуб әкімшілігі пандемиядағы үзіліске қатысты ойыншылар мен жаттықтырушылар штабына өтемақы төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында жария болғаннан кейін ғана жағдайды реттеудің шешімі қарастырыла бастады.

Қазақстан премьер-лигасындағы командалардың дағдарысқа қаншалықты төтеп беретінін уақыт көрсетеді. Бәрінің де тағдыры облыс әкімдігінің қолында тұр. Тікелей бюджетке қараған командалар, ешқайсысы да қосымша қаржы табудың жолын білмейді. Тіпті ниеттеніп отырғандары да байқалмайды. Жұрттың аузынан жырып беретін майлы жіліктің басын ұстап, ұрты майланған жандардың қазынаға көз тігуі әдеттегі жағдай. Сондықтан қазақ футболындағы қазіргі қалыптасқан жағдайдың жақын жылдары өзгере қоюуы екіталай. Қазір жасыл алаң айналасын қоқыстан тазартып, өз ісіне адал берілген мамандардың басын қосып, тығырықтан шығатын жол іздейтін уақыт. Егер елдегі футболды дамытамыз десек, бір-екі жыл алыс жақын шетелдің ортаңқол ойыншыларынан бас тартып, агент ісіне қатысты заңнамалық құжат қабылдап, командалар мен ойыншылар арасында "жеңгетайлық" қызметті атқаратын жандардың жұмысын қатаң бақылауға алған жөн-ау. Әзірге қарапайым жанкүйерлерді Қазақстандағы футбол маусымы қашан жалғасатыны алаңдатады. Еуропа елдеріндегі лигалардың барлығы дерлік бір шешімге келіп, нақты уақыттарын жариялады. Ал бізде тыныштық. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының бір ойлағаны бар шығар. Отандық футболға жауапты мамандар оқшаулану дегеніміз – үндемеу деп түсінетін секілді. Рас, Мемлекет басшысы карантин режимін ұзартты. Алайда көптеген салада қайта жаңғыру басталып, ісін жалғастырған мекемелер өз жоспарларымен бөлісіп, алдын алу шараларын жария етіп жатыр. Ал, біздің лиганың бар-жоғы белгісіз. Тіпті, карантиндегі шектеу шаралары азайып, командалардың жаттығуына рұқсат берілді. Соған қарамастан біріншіліктің қай күні басталуы мүмкін деген мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Футбол лигасы әлемде ең соңғы болып, өз шешімін жариялайтын шығар. Қазір тек жорамалдап қана отырамыз. Біреулер маусым айының басында алаңға ораламыз дейді. Әрине, стадиондарға жанкүйерлер жіберілмейді. Бірақ бұл шектеудің қазақ футболына бәлендей әсері жоқ. Ойыншылар онсыз да бос стадионда доп теуіп үйренген.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу