"Қайсар" сапына қосылған Виктор Мозестің қанша жалақы алатыны айтылды

Футболшының балалары үшін жеке халықаралық мектеп те қарастырылған. 

"Қайсар" сапына қосылған Виктор Мозестің қанша жалақы алатыны айтылды Фото: Қайсар ФК

Бірақ, АПЛ чемпионы болған Виктор Мозеске қызметтік көлік берілмейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қайсар" футбол клубы директорының кеңесшісі Айбек Қабылша Виктор Мозестің қызылордалық клубпен жасаған келісімшартына қатысты бірқатар мәліметті жария етіп отыр. Мұны ол Nursultan Qurman YouTube-арнасында айтқан. 

Нигерияның жастар, жасөспірімдер және ұлттық құрамасында ойнаған тәжірибелі жартылай қорғаушының жалақысы ҚПЛ-дегі үздік футболшылардың айлығымен шамалас екені айтылған. 

"Жалақысының көлемі нақты жарияланған жоқ, естуімше, Нанидікінен төмен, бірақ Қазақстандағы ТОП ойыншылар деңгейіне жетеқабыл, солай ма?" деп сұрақ қойылған журналист Айбек Қабылшаға. 

Ол аңыз ойыншының жалақысы кейбір үздік қазақстандық футболшылардан да төмен екенін ескертеді.

– Клуб басшылығы бірден төлей алатын нақты соманы ашық айтып, ешқандай алдау болмайтынын және оның отбасына барлық жағдай жасалатынын уәде еткен. Балалары үшін жеке халықаралық мектеп қарастырылған. Қазір оған стадион маңынан баспана дайындалып жатыр, Бұл – коттедж емес, төрт бөлмелі пәтер. Қызметтік көлік берілмейді, оған ойыншының өзі келісіп отыр. Қаласа, жеке көлігімен жүре алады, шектеу жоқ, десе де отбасына жеке жүргізуші қарастырылмаған. Виктор Мозестің жұбайы мен екі баласы бар, – деді ол. 

Айта кетейік, АПЛ чемпионы Виктор Мозес "Қайсар" клубына 24 қаңтарда ресми түрде ауысқан еді. Бұған дейін отандық спорт парақшаларында Нанидің жалақысы 35 миллион теңге екені туралы жазылды. Ал Мозестің жалақысы оның жартысы ғана болуы мүмкін.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу