Қазақстан премьер-лигасының ойындары қайта жалғасқаннан кейін қызылордалық "Қайсар" Қарағандының "Шахтерімен" кездесті. "Қайсар" осы жолы да әдетіне басып, жалғыз гол арқылы матчтың тағдырын шешіп кетті.
Төртінші тур ойындары бүгін, 19 тамыз күні Алматы қаласында Тимур Сегізбаев атындағы академияның стадионында өтті. Кездесу 1:0 есебімен, қызылордалықтардың пайдасына аяқталды. Гол авторы Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Александр Марочкин. Ойынның 67-минутында айып алаңына көтерілген допты баспен қақпаға бағыттап, гол соққан Александр командасына жеңіс сыйлады.
Жеті ұпай жинаған "Қайсар" турнирлік кестенің 4-сатысына жайғасты. Қосымша көрсеткіштер бойынша қызылордалық команда қазіргі таңда "Астана" мен "Тобыл" командаларына ұтылып тұр. Ал "Шахтер" алты ұпаймен 6-орында тұр. 12 ұпай жинаған алматылық "Қайрат" әзірге көш бастап тұр.
Қазақстан премьер-лигасының төртінші тур ойындарының басқа да матчтарына келер болсақ, "Қайрат" "Каспийді" 3:0 ұтты. "Ордабасы" "Жетісу" командасынан басым түсіп, ойын 3:2 есебімен аяқталды. "Тараз" "Қызыл-Жар СК" командасымен кездесіп, тең нәтиже тіркелді. Сонымен қатар 4-турдың тағы бір кездесуі 25-тамыз күні "Астана" мен "Тобыл" арасында өтеді.
Бесінші тур ойындары 21 және 22-тамызға жоспарланып отыр.
Ермұхамед Мәулен