"Қайсар" тарихында алғаш рет чилилік футболшы доп теппек

226

Чилилік футболшы Қызылордада өз ойынымен көзге түсіп, "қасқырлар" шабуылын күшейте ала ма – оны алдағы маусым көрсетеді.

"Қайсар" тарихында алғаш рет чилилік футболшы доп теппек Фото: Қайсар ФК

Қызылордалық клуб сапына Чили елінің өкілі – шабуылшы Томас Джонс қосылды.

Осылайша, ол "Қайсар" жейдесін киген алғашқы чилилік футболшы атанды. Бұл трансфер тек клуб үшін ғана емес, ойыншының өзі үшін де ерекше маңызға ие: "Қайсар" – Томастың мансабындағы алғашқы шетелдік клуб.

28 жастағы оң қаптал шабуылшысы бұған дейін тек Чили чемпионатында өнер көрсетті. Ол әр жылдары "Санта Круз", "Магалланес" және "Копиапо" клубтарының намысын қорғап, өз елінде тұрақты әрі нәтижелі ойын өрнегімен көзге түсті. Әсіресе соңғы маусымда "Копиапо" сапындағы ойыны тамаша болды.

2025 жылы Томас 34 матч өткізіп, 14 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Дегенмен командасы жоғары лигаға жолдама ала алмағанымен, Джонстың жеке көрсеткіштері оның нарықтағы сұранысын арттырды.

Transfermarkt порталы Томас Джонстың трансферлік құнын 450 мың еуроға бағалап отыр. Бұл – "Қайсар" үшін де салмақты көрсеткіш. Чилилік AS.com басылымының шолушысы Бастиан Арриаса бұл трансферді ерекше атап өтті.

Оның пікірінше, соңғы жылдары чилилік футболшылар үшін Қазақстан бағыты тосын әрі экзотикалық шешім саналады. Соған қарамастан, бұл қадам Томасқа мансабында жаңа деңгейге көтерілуге және Еуропада өзін сынап көруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, соңғы апталарда Джонстың "Кобрелоа" клубына ауысуы мүмкін деген қауесеттер жиі айтылған еді. Алайда футболшы күтпеген шешім қабылдап, мансабын Қазақстанда жалғастыруды жөн көрді. Томас Джонс "Қайсардың" екінші оқу-жаттығу жиынында командаға қосылады деп жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу