"Қайсарға" қиын қарсылас түсті

1701

Еуропа лигасында "Астана", "Қайрат" және "Қайсар" командалары өнер көрсетеді. 

"Қайсарға" қиын қарсылас түсті

Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында жеребе тарту рәсімі өтті. Онда алда болатын Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің ойындар кестесі түзілді. Айта кетуіміз керек, жеребеге Қазақстан атынан 3 команда қатысты. Ал жалпы еурокубок маусымын еліміз атынан 4 команда бастаған болатын. Бірақ, "Ордабасы" командасы Шымкент қаласында өткен ойында Румыния елінің ұжымы "Боташаниден" жеңіліп қалды. Ал елордалық "Астана" Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу жарысында Белоруссияның "Динамо" Брест командасынан ойсырай жеңілді. Енді Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Сонымен, "Астанаға" бұл жолы Черногория елінің "Будучность" командасы қарсылас атанды. Матч 17 қыркүйек күні Қостанай қаласында өтеді. Осыған дейін "Астана" Черногорияның мықты ұжымы "Сутьесканы" оп-оңай жеңіп өткен. Бұл жолы да ойынның фавориті елордалық команда. 

Еуропа лигасында сенімді ойнап жүрген командамыздың бірі "Қайратқа" қарсылас әлі нақтылана қоймады. Дегенімен, алматылық команда "Железничар" (Босния) немесе "Маккаби" Хайфа (Израиль) командаларының бірімен ойнайды. Олардың матчы әлі өте қойған жоқ. Дегенімен бір анығы алматылық "Қайрат" бір ойыннан тұратын теке тіресті сырт алаңда өткізеді екен. Десе де қай қарсылас түссе де "Қайратқа" сырт алаңда өнер көрсету қиынға соғайын деп тұр. 

Ал бұл жарыстағы үшінші командамыз қызылоралық "Қайсарға" Кипр елінің серкесі АПОЭЛ клубы қарсылас атанды. Матч Шымкентте өтеді дегені болмаса, "Қайсарға" үшінші кезеңге өту жағы қиын болады. Бұл команданың Еуропа лигасында ешқандай тәжірибиесі жоқ. Тарихында бірінші мәрте қатысқалы отыр. Ал АПОЭЛЬ "Астанамен" екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіліп қалды. Кипр командасы өткен жылы Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Сондықтан да, матч фавориті қонақтар. 

Ермұхамед Мәулен   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу