Қайта жалғасқан чемпионаттан қайыр бар ма?

2089

1 шілде күні Қазақстан премьер-лигасы қайта жалғасын табады. Бұл ойындардан біз не күтеміз?

Қайта жалғасқан чемпионаттан қайыр бар ма?

Ресми ақпарат шығып, Қазақстан премьер-лигасы 1 шілде күні жалғасын табатын болды. Күнтізбе қайта жарияланып, 3-тур ойындарының матчтары белгілі болды. Сонымен, Қостанай қаласында "Тобыл" Ақтау қаласынан келген "Каспиймен" кездеседі. "Тобыл" карантин кезінде дауға ұшырады. Бұл команданың ойыншысы Фернандер Кассай Еуропадағы ұйымдарға шағым түсіріп, клубтың көптеген қаржыны бермей қойғанын айтты. Бұл мәселеге әлі де болса нүкте қойылған жоқ. Ал "Каспий" клуында басшылық ауысты. Клубтың директоры болып футбол ортасына есім-сойы белгісіз Санжар Сейтқазинов есімді жас менеджер келді.

Екінші ойынымыз "Қайсар" мен "Тараз" арасында өтеді. "Қайсар" клубынң бас бапкері Стойчо Младеновтың қанша жалақы алатыны белгілі болды. Бейресми деректер болгар бапкерінің айлық табысы 19 миллион теңгені құрайды дейді. Отанына демалысқа барып келген Стойчо қайтар жолда Қазақстан кеденінен өте алмай 7-8 сағат Алматы қаласының халықаралық әуежайынан шыға алмай отырды. Кейіннен, бұл мәселе шешіліп, Младенов ҚЫзылорда қаласына жетті. "Қайсар" футболшылары жалақыны төмендетуге қарсы шығып, ұжым ішінде екіге жарылған топ пайда болды. Ал "Тараз" клубына тоқталатын болсақ, мұнда да басшы тағайындалды. Клубты енді Талғат Тұрлыбайұлы басқарады.

Үшінші ойын "Қызылжар" мен "Оқжетпес" арасында өтеді. Екі клуб та біріншіліктің аутсайдері. Бюджеттері де ең әлсіз клубтар осылар. Сондықтан болар, пандемия кезінде бұл ұжымдар өзгелер секілді дау-дамайға ұрынған жоқ. Жаттығуларын жасап, жолдастық кездесулерін өткізіп жатты.

"Қайрат" - "Жетісу" ойыны Алматы облысының дербиі. Өткен жылы "Жетісу" "Қайратты" 3:0 еңіп, ұятты қылды. Алматылық команда ені соның есесін қайтаруы тиіс. Вагнер Лавты қатарына қосып алған алпауыт клубымыз "Жетісуды" жеңеміз деп құлшынып отыр. Бірақ, алматылықтардың ойыны бразилиялық шабуылшы келе салысымен күшейіп кетпегені анық. "Жетісу" клубы қайырымдылық шараларымен айналысып, жаттығу жұмыстарын көп жүргізді. Өздеріңіз білесіздер Талдықорғанға карантин уақыты кеш келді. Ал ойыншылар жолдар ашылған соң, Алматы қаласында жаттығу жұмыстарын жүргізді. Екі команда да бұл ойынға тас-түйін дайын. 3-турдың ең қызық ойыны осы матч болатын да шығар.

Шымкентте "Ордабасы" командасы қарағандының "Шахтерін" қабылдайды. "Ордабасыда" барлығы бәз қалпында. Ал қарағандылық клубта біршама өзгеріс орын алды. Бас бапкер Вячеслав Гроный қызметінен кетіп, оның орнына жас маман Александр Горовенко келді. Ерлан Оразаев баптайтын команда "Ордабасыға" тегеурінді қарсылық көрсетуі ықтимал. Осы турда тағы бір матч болуы тиіс еді. Бірақ, Павлодар қаласының намысын қорғайтын "Ертіс" біріншіліктен шығып қалғандықтан, "Астана" осы турда демала тұрады. Елордалықтар 5 шілде күні өтетін 4-тур ойындарында Қостанайда "Тобылмен" кездеседі.

Ермұхаед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу