Қайтқан хоккейшіде қайыр бар ма

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2674

"Барыс" хоккей клубы маусым аралығында құрамын жасақтауға кірісіп, бірнеше тәжірибелі ойыншымен келісімшартқа отырды.

Қайтқан хоккейшіде қайыр бар ма Фото: khl.ru

Еліміздің бетке ұстар клубы үш легионермен келісімшартқа отырғандығын ресми түрде мәлімдеді. Алайда олардың біреуін легионер деуге аузымыз бармайды. Себебі, ол – өзімізге жақсы таныс, Қазақстан азаматтғын алған, америкалық хоккейші Брендон Боченски. 1982 жылы 4 сәуірде туған, яғни 36-дан асып кеткен сақа ойыншы Астанаға қайтып келіпті.

"Қайтып келіпті" дейтін себебіміз, Боченски осыдан бір жыл бұрын қолындағы таяқшасы мен аяғындағы конькиін "шегеге іліп", карьерасын тәмамдағанын жариялаған болатын. Сөйтіп, 2017/2018 жылдар маусымында мұз айдын додасын түскен жоқ болатын. Америкаға барып, бала-шағасының жанында болған. Енді, бір жылдық үзілістен кейін қайтадан шайбалы хоккей додасы көрігін қыздырмақшы көрінеді.

"Барыс" хоккей клубы өзінің ресми сайты арқылы Брэндонның ойы мен пікірін жариялады. Онда сұрмерген шабуылшы хоккей додасын да, Астана жанкүйерлерін де сағынып қалғандығын баса айтқан. Әрі елорда клубын қайтадан бұрынғы деңгейіне көтеріп, айбынды ұжымға айналдыруға тырысатындығын да тілге тиек еткен. Несі бар, көрейік. Бір жылдық үзіліс спорттық бабына қанша әсер еткендігіне де көз жеткізерміз.

Ал "Барыс" хоккей клубы "Аңыз қайта оралды" деп, сүйінші сұрап жатыр. Әрине, Брэндон Боченскидің қазақ командасы сапында төккен тері мен сіңірген еңбегін біз де жоққа шығармаймыз. Ол Сарыарқа төсіндегі үздік клубымызда 2010-2017 жылдар аралығында өнер көрсетіп, 399 ойын өткізген. Осы матчтарда 160 гол соғып, 237 пас беріп, 397 ұпай еншілеген болатын. Бабы мен бағы қатар шапса, әлі де "Барысты" жеңіске жетелер...   

Жалпы, Астана клубының маусым аралығында құрамын толықтырған екі легионері де осал емес сияқты. Мәселен, Канададан келген орталық шабуылшы Патрис Кормье мұхиттың арғы бетіндегі Ұлттық Хоккей Лигасында да ойнаған (49 ойын, 1+4 ұпай). Тіпті 2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында Канада құрамасының капитаны болған. Ал былтыр Америка хокей лигасындағы "Манитоба Мус" клубының сапында өнер көрсетіп, 78 ойында 45 ұпай (22 гол + 21 пас) еншілеген. Осы команданың капитаны болған да екен. 1990 жылы 14 маусымда туған. Яғни нағыз тәжірибесі толысқан шағы. Бойы – 188 см, салмағы – 98 келі.

Екінші шабуылшы Кёртис Вок та Канададан келген. ҰХЛ-да бір-ақ ойын өткізіпті (2017 жылы күзде "Флорида Пантерс" сапында). Былтыр ол да АХЛ-да ойнаған. "Спрингфилд Тандербёрдс" деген команда сапында 73 ойын өткізіп, 62 (20+42) ұпай еншілеген. 1993 жылы 8 ақпанда туған. Бойы – 175 см, салмағы – 77 келі. Қапталдағы шабуылшы. Кормье де, Вок та "Барыс" хоккей клубымен 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін біржақты келісімшартқа отырған.

Дәл қазір "Барыс" алдағы маусым дайындығын бастап кетті. Әзірше жас хоккейшілерін жинап, оларды медициналық тексерістен өткізіп алды. Енді жаттығу жұмыстарын өткізіп жүр. 12 шілде күні оларға басқа ойыншылары келіп қосылады. Қазақ жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық, клуб сапына Талғат Жайлауов та қайта оралатын көрінеді. Нақтырақ айтқанда, қазіргі спорттық бабын іс жүзінде көрсетіп, өзінің командаға қажет екендігін дәлелдеуге мүмкіндік алыпты.

Айтпақшы, "Барыстың" талантты жас шабуылшысы Әлихан Әсетов отау құрып, шаңырақ көтеріпті. Құсын қолына қондырып, тойын да өткізіпті. Сүйгені Аннамен екеуінің үйлену тойлары маусым айында өткен екен. Бұл жаңалықты клубтың әлеуметтік желідегі ресми парақшасы жариялады. Жастар бақытты болсын!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу