Қайырымдылық қорларының жұмыссыз қалғанын қалаймын – Назгүл Мақжан

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6822

9 баласы бар отбасы күніне 500 теңге табыс тауып, қызылшаның сабағын талғажау етіп отыр.  

Қайырымдылық қорларының жұмыссыз қалғанын қалаймын – Назгүл Мақжан

Жақсылық жасаумен айналысатын "Шапағат" халықтық жобасының жетекшісі Назгүл Мақжанның үлкен әрі ерекше арманы бар. Ол тұрмысы төмен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін жобалар күндердің бір күнінде ешкімге қажет болмай қалғанын қалайды.

"Жоба жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедектер мен зейнеткерлерге қолдау көрсету мақсатында елордадан бастау алды. Ол кезде арманымыз асқақ емес еді, адамдардың белгілі бір тобына қамқорлық жасаймыз, сонымен шектелеміз деп ойладық. Бірақ барлығы басқаша өрбіді. Қазір жоба еліміздің барлық облыс орталықтарында жұмыс істеп тұр, – деді Назгүл Мақжан.

Мұқтаж адамдарға азық-түлік жиынтығын, киім-кешек, кеңсе құралдарын жеткізіп жүрген "Шапағаттың" шарапаты жайлы әңгіме елге ұзынқұлақ арқылы тез тарады. Бұл туралы Назгүл Мақжан: "Адамдар сапалы, көбінесе бренд маркалы дүниелерін қайырымдылық ретінде бізге бере бастады. Бұған дейін олар өздерін жалықтырған көйлектері мен аяқ киімдерін лақтырып тастайтын. Біздің қамқорлығымыздағы адамдар бұл заттарды бір емес, бірнеше жыл киеді. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де тыным таппай жұмыс істейтін жанұялар жоқ емес, бар. Қынжылтатыны, олардың тапқан табыстарының басым бөлігі пәтерақы мен азық-түлікке жұмсалады.

Жалақылары айдың соңын дейін жетпей қалатын отбасыларды білеміз.

Біздің қоймада күзен тондары ілініп тұрған кездер болды. Мұқтаж әйелдер оларды алуға ұялып, "Бұл шынымен тегін бе?" деп таңырқайтын, – деді.

"Шапағаттың" елордадағы бөлімшесінде қазір 11 адам жұмыс істейді. Олардың дені еріктілер.

"Біз тапсырыс қабылдаймыз, мұқтаж адамдардың тізімін жасаймыз, киім-кешек жинап әкеліп, оларды кір жуатын орындарға, химиялық тазалауға, озонмен тазартуға жібереміз, одан соң қоймаға орналастырамыз, азық-түлікті өлшеп, буып, түйіп, дайындап қоямыз. Осы заттар қажет адамдар бізге келіп, қалағанын ақысыз алып кетеді. Жуырда әлеуметтік желіде бір ер адам: "Азық-түлікті буып, түю деген жұмыс па?" – деп жазды. Біз ол кісіні осы іспен айналысып көруге шақырдық. Кеңсемізге күмәнмен келген азамат кешкі сағат 22:00-ге дейін азық-түлік жиынтығын әзірлеуге көмектесті. Жақсылық жасап жарысып жүрген жандардың 5 тонна азық-түлікті тиісті жеріне жеткізгенін, 4 "жедел желінің" бір минут болса да тынышталмағанын өз көзімен көрді", – деді жоба жетекшісі.

Оның сөзінше, былтыр "Шапағат" халықтық жобасының елордадағы кеңсесіне күніне 10 адам хабарласса, биыл наурыз айынан бастап күніне шамамен 80 адам хабарласып, көмек сұрайтын болған.

"Бұрын ауысып жұмыс істейтін 2 үйлестіруші жететін, қазіргі олардың қасына көмекші жұмылдырып жатырмыз. Күніне 100 адамға дейін қызмет көрсетеміз, үйлестірушілердің түнгі үште өткен күннің есебін беретін кездері жиі болады. Меніңше, осындайда кері байланыс орнату, адамдарға жасаған  көмектерінің соңғы тиынына дейін зая кетпегенін көрсету маңызды деп ойлаймын", – деді Назгүл Мақжан.

Жоба жетекшісінің сөзінше, карантин кезінде Оңтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан сияқты халық тығыз орналасқан облыстарда көмекке мұқтаж жандардың саны көбейген. Тіпті, көмек сұрап ер адамдар келе бастаған.

"Бірде бізге бір үйдің отағасы келіп, еден жуып беруге дайын екенін айтты. Үйінде үш баласының қалғанын, өзі соларды асырау үшін жұмыс іздеуге шыққанын бүкпесіз баяндады. Бізге дәл сол кезде азық-түлік тасымалдауға қосымша күш қажет еді. Ол кісі бізге қуана-қуана көмектесті. Азық-түлік жиынтығын алған кезде жас балаша қуанды. Бір жағынан қарасаң, аянышты жағдай. Бір үйдің отағасы, біреудің әкесі шарасыз күй кешіп жүр. Күнде осындай оқиғаларды көре беру оңай емес. Әр тағдыр үшін жаныңды жегідей жейсің. Жеке өз басым қайырымдылық қорларының жұмыссыз қалғанын қалаймын. Осылай болса, елде көмекке зәру жандар болмайды деп үміттенемін", – деді Назгүл Мақжан.

Жазғы локдаун кезінде "Шапағат" халықтық жобасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында отандық тауар өндірушілердің өнімдерінен азық-түлік жиынтығын жасап, мұқтаж жандарға үлестірді.

"Петропавлдың консервіленген етін, ұнын, жалпы, Қазақстанда өндірілетін өнімдерді сатып алып, азық-түлік жиынтығын дайындадық. Осылайша ел көлемінде шамамен 100 тонна азық-түлік тараттық. Жоба жайлы телеарналардан көрсетілген тікелей эфирден соң еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген адам хабарласты. Осыдан соң қайырымдылық шарасын облыс орталықтарымен шектеуге болмайтынын түсіндік. Қаладан тыс жерлерге,  шалғай аймақтарға азық-түлік жиынтығын жеткізу бастамасын қолға алдық", – деді кейіпкеріміз.

Назгүл Мақжан алыс сапарларға өзі шығып жүр екен. Таяуда Қарағанды облысына барып келіпті.

"Бізге хабарласатын әйелдер көп, алайда Гүлнәр телефонмен: "Сіз болмасаңыз, менің соңғы үмітім үзіледі" дегенде, оның шынымен қиналып тұрғанын түсіндім. Осылайша біз 9 баласы бар әйелді іздеп, жолға шықтық.

Демеушілер сатып әперген планшеттерді, мектеп сөмкелері мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды көлікке тиеп, Ақтау кентіне жол тарттық.  Адасып жүріп, Гүлнәрді таптық", – деп баяндады Назгүл Мақжан.

Оның айтуынша, Гүлнәр жолдасымен бірге егіс басында жұмыс істейді. Қызылша жинап, күніне 500 теңге табыс табады. Балаларына қызылшаның өзінен емес, сабағынан ас әзірлейді.

"Мен сіздерге, шай да бере алмаймын... Бөлмені 30 мыңға жалдаймыз, үй иесі ішіп алған кезде есігімізді сындырып, кетіңдер деп айғай шығарады. Ал біздің барар жеріміз, басар тауымыз жоқ. Жолдасым – Моңғолиядан келген оралман, менің туған жерім – Өскемен, әке-шешем жоқ. Өзім мұғаліммін, ал жолдасымның техникалық білімі бар, – деді ол бізге. Сөйлесіп отырған кезде отағасы бізге көрінген жоқ – ұялды. Ал балалар әкелген сыйлықтарға  қуанып, мәз-мейрам болды", – деп есіне алды Назгүл Мақжан.

"Аш адамға балық емес, қармақ бер" деген сөзді темірқазық тұтатын кейіпкеріміз "Шапағат" халықтық жобасы жанынан бет әрлеу, тырнақ әдемілеу, тігін тігу секілді түрлі тегін курстар ұйымдастырды.

"Жақында бет әрлеудің негізін меңгеруге ықылас білдіргендердің кезекті тобы оқуға кірісті. Карантин кезеңінде мұндай курстарға қажеттілік күрт көбейді. Жалғызбасты аналардың қазір онлайн-оқудағы балаларын қалдыратын жері жоқ, ал сырқат балалары бар аналарға тіпті қиын.

Біз "Шебер ана" деген курс аштық. Онда ісмерлер балалар киімінен бастап құрақ көрпеге дейінгі дүниелерді тігеді. Бұған қоса "Қыз жасауын" тігуді үйрететін курсымыз бар. Қыздар тіккен бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы өткізіп, сатқан алғашқы дүниелерін суретке түсіріп, бізге жіберіп жатады. Біз олардың әр жеңісіне өз жеңісіміздей қуанамыз! Демеуші, тапсырыс беруші  тауып беруге тырысамыз. Демеушілеп ісмерлерге тігін машиналарын және басқа да қажетті керек-жарақтарын сатып алып береді. Қазір біздің курстан өткен бір қызымыз басқа адамдарға құрақ көрпе тігуді үйретіп, кәсіп бастап жатыр, – деді Назгүл Мағжан.

"Ботақан" – бұл да жақсылық жасауға арналған жоба.

"Бізге жолдасы немесе жігіті тастап кеткендіктен және қаржылық қиындық салдарынан балаларын перзентханада тастағалы жүрген жүкті әйелдер келе бастады. Болашақ аналардың босанар алдындағы керекті заттар тізімін жинай алмай, үміті таусылған. Біз оларға қолдау көрсеттік. "Шебер ана" курсына қатысушылар сәбидің жаялығын, жейделерін, аналарға арнап халат тікті. Бір кәсіпкер жөргекпен қамтамасыз етті. Мұндай жақсылық жалғасын таппай қоймайды, – дейді "Шапағат" жобасының жетекшісі.

Осылайша сәбилер балалар үйінен аман қалды. "Шапағат" тура мағынасында адам өмірін құтқарып жатыр. Осы турасында Назгүл Мақжан: "Бірде күшіміз таусылған кезде, маған "осы жобаны тастайын" деген жаман ой келді. Сол күні бізге Мәдина есімді келіншек хабарласты. Бес баланың анасы ультрадыбыстық зерттеу жасатқаннан кейін егіз балаға жүкті екенін білген. Карантин кезінде жолдасын жұмыстан шығарып жіберген, соның салдарынан ол ішімдікке салынып кеткен, ал әйел түсік жасату туралы шешім қабылдаған. Мәдинадан асығыс шешім қабылдамауды өтініп, өзім әлеуметтік желіге жазба қалдырып, психологтардан көмек сұрадым. Ақырында дүниеге 2 сұлу қыз келді! Мәдинаның жолдасы жұмысқа орналасып, ішімдік ішуін қойды. Біздің жоба ең болмағанда 2 адамның өмірін сақтап қалса, демек біздің атқарып жатқан ісіміз бекер емес, – деп қорытты ойын Назгүл Мақжан

Айтпақшы, жақын күндері ол егіздерге арналған бесік арбаны алып, бақытты отбасын құттықтап шығуды жоспарлап отыр.

"Шапағат" халықтық жобасы аясында өмірдің қиындығына тап болған адамдарға тек қана материалдық емес, психологиялық көмек көрсетіледі.

Бұған  халықтың әлеуметтік осал тобына психолог Дармина Поповамен бірлесіп өткізген тренинг дәлел.

"Психологиялық тренингтің мақсаты – өмірдің қиындығына тап болған азаматтарды алға жетелеу. Оларды бәсекеге қабілетті болуына ұйытқы болу.  Мұнда халықтың әлеуметтік осал тобына жататын және басқа санаттағы адамдарға заңгерлік, психологиялық көмек көрсетіледі. Тегін оқу курстары арқылы жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік беріледі.

Кәсіби психолог жалғызбасты, көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өмір күрес екенін және күрескерлер ғана жеңімпаз болатынын түсіндірді. Осындай тренинг өткізу идеясы көптен бері ойымызда жүрді. Бізге келетін әйел адамдардың басым бөлігі өмірлерін өзгерткілері келеді. Олар бізден материалдық көмек емес, қиындықтан шығар жол көрсетуді сұрайды", – деді Назгүл Мақжан.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу