Қайырымдылық жасаушылардың миллиондаған табысы халықты қайран қалдырды

10581

Дау-дамайға нүкте қою үшін елде жаңа заң қабылдануы мүмкін.

Қайырымдылық жасаушылардың миллиондаған табысы халықты қайран қалдырды Фото: canva.com

Жанжалдарға ұласатын зерттеулерімен белгілі блогер Еркежан Шайхиева өзінің instagram парақшасында "Асар-Уме" мәдени-білім беру қорының 2023 жылға арналған Аудиторлық есебінен" үзіндіні жариялады. Онда қайырымдылық қоры қызметкерлерінің штаттық кесте бойынша ай сайынғы еңбекақысы жазылды. Осы төл "Аудиторлық есебін" "Асар-Уме" қорының өзі ашық жария еткенін айта кеткен жөн.

Одан қордың вице-президенті – 1 120 703 теңге, бас директоры – 997 247 теңге, медиаға жауапы атқарушы директоры, әлеуметтік бөлімге жауапты атқарушы директоры және "Өркендеу" атқарушы директоры – 873 790 теңгеден айлық алатыны анықталды.

Басқалары да астатөк игіліктен қағылмапты. Өңірлік менеджерінің, әлеуметтік жұмыс бойынша бас менеджерінің, сыртқы байланыстар мен коммуникациялар жөніндегі менеджерінің, логистика бойынша менеджерінің әрқайсысының айлық жалақысы – 750 333 теңгеден екен. Қорда 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бас менеджерге қоса, әлеуметтік жұмыс жөніндегі 2 менеджер жалданған. Олардың әрқайсысына 625 215 теңгеден айлық төленген. Ал, ассистенттің жалақысы менеджерден де көп (688 346 теңге).

Бұл ретте, блогердің дерегінше, қор басшылығының ғана емес, қызметкерлерінің айлығы жыл сайын екі есеге жуық өсіп отыр.

Мысалы, вице-президенттің айлығы 2022 жылғы 687 052 теңгеден былтыр 1 120 703 теңгеге дейін, менеджерлердің жалақысы бір жыл ішінде 499 637 теңгеден 750 333 теңге дейін, әлеуметтік жұмыс жөніндегі екі менеджердің айлығы 373 373 теңгеден 625 215 теңгеге дейін, ассистентінің еңбекақысы 310 242 теңгеден 688 346 теңгеге дейін көтерілген. 2022 жылы болмаған, ақысы төленетін бас директор лауазымы енгізіліпті.

Қордағы қатардағы қызметкерлерінің алатын айлығы мемлекеттік қызметтегі тіпті комитет-департамент басшылары үшін арман болса керек. Бухгалтердің айлығы 2022 жылғы 252 526 теңгеден 2023 жылы 505 050 теңгеге дейін, 4 видеооператорлардың жалақысы 436 505 теңгеден 688 346 теңгеге дейін өскен екен. SMM-менеджерінің өзіне 688 346 теңге айлық берілетіні көрсетілген.

Бұдан бөлек, "Аудиторлық есепте" "Асар-Уме" қорының қайырымдылық жинауға арналған бір кешке 7,2 миллион теңге, іссапарлар кезінде қонақүйлерге – 11,1 миллион, іссапарлар кезінде жол шығынына – 10,7 миллион, жарнамаға – 1 млн, жалақыға – 164,9 миллион теңге жұмсағаны айтылған.

Бұл деректер әлеужелі пайдаланушылар арасында резонанс тудырды.

"Қайырымдылық деген тамаша нәрсе. Бірақ оның қадірі түсіп бара жатқандай. Мен мысалы, кардиохирург болып істеймін. Жалақым 250 мың теңгедей ғана. Бұл жұмыстың жауапкершілігі миллион процент! Ал, мында қордың қатардағы СММ-менеджері садақа есебінен менің үш айлық жалақыма жуық қаражатты бір айда алады екен. Күлкі ме, күнә ма? Мұндайды біліп, жігер құм болады", – деп таусыла пікір жазды пайдаланушылардың бірі.

"Асар-Уме" қайырымдылық қоры өзіне қарсы бағытталған "хейтке" жауап берді.

"Адалдық, әділдік, кәсібилік – біз өз жұмысымызда осы құндылықтарды басшылыққа аламыз. Елімізде қарапайым жұмысшы да, студент те, бизнесмен де, саясаткерлер мен танымал адамдар да қайырымдылық жасауда жарысқа түсетініне қуаныштымыз. Біз – олардың арасындағы көпірміз. Осы жылдары ізгілік іс жасап келе жатқан әрбір адамға ризашылығымызды білдіреміз. Кейінгі күндері "Асар-Уме" қорына қарсы белгілі бір хейт, қысым жүріп жатыр. Ол адамдардың бізге шабуылдап, қара күйе жағу ниеті жоқтығын білеміз. Дегенмен, оған жауап беруге ұйғардық", – деді қор өкілдері.

Жобаның негізін қалаушы Асхат Нұрмашев әлеуметтік желідегі сынды қормен жұмыс істейтін белгілі тұлғалардың қарсыластары өрбітуі мүмкін деп тұспалдады.

"Асар-Уме" алаяқ екен, есеп бермейтін көрінеді деп айтып жатыр. Бірақ осы бес жыл ішінде біз есеп беруге әбден төселіп алдық. Аудиторлық тексерістен кейін есебімізді видеоконтент түрінде де, кесте түрінде де береміз. Ол есептерге ашық қол жеткізуді қамтамасыз еттік. Кейбіреудің айтуынша, біз 30-40 миллион теңгеден жинаймыз, нәтижесінде, мұқтаж жанға 10-15 миллион теңге ғана тұратын арзан үйді сатып әпереміз, қалған ақшаны өзімізге қалдырады екенбіз. Біз халықпен бірге, халықтың арасында қаншама іс тындырдық. Жұмыс бастан асады. Біз халықтан 100 теңгесін де ұрлаған жоқпыз", – деді Нұрмашев.

Айта кету керек, "Асар-Уме" қорының 2023 жылға арналған, биылғы 31 қазанда жарияланған "Аудиторлық есебінде": "Қор мұқтаж отбасыларға арналған бағдарламасы аясында сатып алынатын баспананың сомасына қатысты келесідей негізгі шарттарды белгіледі: Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ осы қалалардың 20 шақырым жанында – 12 млн теңгеге дейін, Қазақстанның басқа елді мекендерінде – 10 млн теңгеге дейін", – деп нақты жазылған.

Есеп бойынша 2023 жылы қорға қайырымдылық қаражаттары түрінде 3 миллиард 972 миллион 609 мың теңге түсіпті. Одан мұқтаж жандарға сатып алынған баспаналардың қожайындарына 3 млрд 34,2 миллион теңге төленген көрінеді. 51,7 миллион теңгеге отбасыларға тұрмыстық техника сатып алынған.

Шет мемлекеттерге гуманитарлық көмек ретінде "Асар-Уме" 246 миллион 831 мың теңге аударған.

Қор лидерінің сендіруінше, қордың басты қағидасы бар. Мысалы, 30 не 50 миллион теңге жинаса, ол қаражатты түрлі қалалар мен ауылдардағы зәру жандар арасында бөледі. Кейбір жерде үйді 10, басқасында 12 миллион теңгеден сатып алады. Одан қымбат үйді алуы "сирек кездеседі".

Мысалы, ерекше қажеттілігі, мүгедектігі бар балалы отбасыларға көмектескенде баспананы қала шетінен емес, ауруханасына жақын ауданнан іздеуге тура келетін көрінеді.  

"Асар-Уме" қоры өз жұмысын 2019 жылы бастады. Содан бері, өздерінің дерегінше, 1 019 отбасыға және 5 544 балаға көмектесіпті.

Жалпы, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың көпшілігі қорды ақша ұрлады деп айыптап отырған жоқ. Қазақстандықтарды олардың қарапайым қызметкеріне дейін комитет басшысы деңгейінде жалақы төлейтіні айран-асыр етті.

"Қордың есептерін қарап шықтым. Шығыстарына "шок" болып отырмын. Ешқандай өндірісі жоқ, еңбекақы төлеу қорына 170 миллиондай, іссапарларға 11 миллион, қайырымдылық кешіне 7 миллион теңге шығындаған. Оның бәрін елден жиған қайырымдылық қаражаттан, садақадан алған. Өздерін ештеңеден шектемегендей. Қанағат деген қайда?", – дейді кәсіпкер Зарина Тілепова.

Өзін "бизнес-ұстаз" деп таныстырып жүрген Ержан Нұрғалиев "көреалмаушылықты қою керек" деген пікірде.

"Мен білемін, бұл қордағы біраз жігіттің төл баспанасы жоқ. Айлап жұмыс істейді, өз отбасыларын көрмейді. Тарыққан халыққа көмектесу үшін көлікпен ауыл-қалаларды аралайды, машинада түнейді! Біздің кейбіріміз шыдамай, шорт сынуымыз мүмкін түрлі тауқыметке тап болады. Ақылға келейік, блогердің немесе бизнесменнің жеке өмірін қазбаламайық. Сырттай бәріміз сүттен ақ, судан тазамыз ғой. Олар барынша көп адамның басына пана тауып беру үшін мейлінше көп қайырымдылық қаражат жинау үшін барын салып жүр", – деді Ержан.

Кейінгі кезде қайырымдылық қаражатын жинауға және жұмсауға қатысты дау-жанжал көбейіп бара жатқандықтан, Мәдениет және ақпарат министрлігі депутаттармен бірлесіп, осы саланы жаңаша, мұқият реттейтін жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Ведомствоның тұжырымдауынша, тек сонда ғана қайырымдылық қызметі тиімді бақыланады және жұртшылықтың ізгілік істеу саласына сенім деңгейін арттыруға болады.

Ведомствоға тиісті тапсырманы Премьер-министрдің өзі жүктеген екен.

"Тапсырманы орындау үшін министрлік қайырымдылық қаржының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және қайырымдылықтың ашықтық деңгейін арттыру бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізуде. Министрдің 2024 жылғы 6 мамырдағы бұйрығымен, министрлікте меморгандардың, қайырымдылық ұйымдарының, квазимемлекеттік және кәсіпкерлік секторлардың өкілдерінен тұратын, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Түзетулерді қоғамдық талқылауды өткізу жоспарлануда", – деп мәлім етті Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Жаңа заң қабылданса, онда халықаралық тәжірибеге сәйкес, елдегі барлық қайырымдылық ұйымдары министрліктің аккредиттеуінен өтуге тиіс болады. Олардың бірыңғай тізілімі жүргізіледі. Бірыңғай онлайн платформада бәрі есеп береді. Қайырымдылық комиссиясы құрылады.

Басқа да өзгерістер пысықталуда. Бұл жұмыс Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп жүргізілуде. Қайырымдылық ұйымдары қайырымдылық қаражатты тек қана арнайы шоттарға жинауға міндеттелмек. Сонда оның қайда, не мақсатқа шығындалып жатқанын тексеру жеңілдейді. Мысалы, ақпарат құралдары "Асар-Уме" және басқа қорлар шетелге, айталық, Газа секторындағы зардап шеккендерге қаражат жинағанын хабарлады. Ол қаржы шынымен де Израильдің агрессиясынан қиналған жандарға жете ме? Ол бақыланғаны жөн.

Бұдан бөлек, жаңа заңда қайырымдылық ұйымдары мен жеке тұлғалардың қайырымдылық саласындағы заңнаманы бұзғаны және жиналған қаражатты мақсатсыз, басқа жерге пайдаланғаны үшін жазасын күшейтетін нормаларды енгізу ұсынылады.

Дайындалған заңнамалық түзетулерді "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы шеңберінде қарау жоспарланған. Қалай болғанда, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халықтың материалдық, рухани тұрғыдан мейірімділікке мұқтаж жандардан теріс айналмағаны маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу