Кака: Ескі ойынымызды көрсетеміз

1014

2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Черногориямен өтетін матч алдында футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака, сонымен қатар команданың ойыншылары Лео Игита мен Азат Валиуллин баспасөз мәслихатына қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.

Кака: Ескі ойынымызды көрсетеміз

Рикардо Кака, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Ұлттық құраманы жаттықтырған сәттен бастап ең қысқа дайындық осы болып отыр. Бір күн ғана, яғни кеше жаттығу өткіздік. Бүгін бір жаттығу. Ертең ойын алдында тактикалық жаттығу жасау жоспарда бар. Өйткені, ФИФА күнтізбесі небәрі төрт күн. Енді жиналғандықтан команданың тәжірибесіне арқа сүйене отырып алаңға шығамыз. Жаңа ойыншылар үшін қиындау болмақ. Алайда, ештеңе өзгерте алмаймыз.

- Тайнан мен Лео болмайды деп жарияланды. Қандай себептермен? Бұл ойыншылардың жоқтығы байқалмай ма?

- Эдсон мен Нұрғожиннің де болмайтынын айтқым келеді. Олар жарақат алып қалды. Лео туралы айтсақ, ол Бразилиядан келем дегенше ойын өтіп кетер еді. Тайнанның өз чемпионатында ойыны бар. Қазақстанға жету де ұзақ жолды қажет етеді. Ол ойын күні таңғы сағат жетіде келер еді. Сол себепті оның келгені қажет емес деп санадық. Осы кездесуде ойнайтын басқа да ойыншылар бар. Барлығы өз мүмкіндіктерін күтетіні анық.

- Жылдың соңына дейін Қазақстан құрамасының басқа да ойындары бар ма? Әлде осы ойынмен жыл аяқталады ма?

- Осы ойынмен аяқтаймыз деп ойлаймын. Биыл ФИФА күнтізбесінің белгіленген күндері жоқ. Келесі жылы ақпанның соңы мен наурыздың басында жиналамыз. Ойын кестесі өте тығыз. Біздің құрамаға қарсыластардан ұсыныстар түссе, ФИФА күнтізбесінен бөлек уақытты қарастырамыз. 

- Матчқа шақырту алғандардың тізімінен  "Ақтөбенің" жас ойыншысы  Батырхан Кенжеғалиді көрдік. Ертең оны алаңнан көре аламыз ба? Оның болашағына қандай баға бересіз?

- Жас ойыншыға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Ертең ойнайтыны туралы әзірге айта алмаймын. Әрқашан барлығының ойнағанын қалаймын. Наурыз айында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионатының (U-19) іріктеу ойындарына қатысады. Алайда біздің жасөспірімдеріміздің құрамы жасақталмаған және жолдастық ойындары жоқ. Сол себепті өз клубында жақсы ойнап жүрген жас футболшыны шақырту арқылы жасөспірімдер құрамасына көмектескім келді. Кенжеғали ойынымен ұлттық құрамаға лайық деп айта алмаймын. Өйткені ол небәрі он жеті жаста. Ұлттық құраманың атмосферасын көргенін қалаймын. Жасөспірімдер құрамасының қатарында ойнаған да алаңда қалай жүру керек екенін білетін болады. Ол үшін Игита, Азат, Дуглас сынды ойыншылармен бірге жүру арман шығар. 

- Биыл біздің чемпионатта бірнеше жаңа команда пайда болды. Солардың арасында ұлттық құрамаға үміткерлерді көре аламыз ба? Мысалы, "Ордабасы" командасынан?

- Өкінішке қарай, аз. Аз болғандықтан 17 жастағы футболшыны шақырып отырмын. Мәселен, Бразилия құрамасында бір жақсы футболшыны шақырмай, он жеті жастағы жас ойыншыны шақыру мүмкін емес. Біздің құрамада тұрақты ойнайтын 8-9 ойыншы бар. Қалғандары ұлттық құрамадағы орындарын сақтамады. Бір де бар, бір де жоқ. Олар ойын нәтижесіне ықпал етпейді. Қосалқы құрамда көп ойыншы болғанын қалаймын. Іздейміз, еңбек етеміз, өзгертеміз. Барлығына мүмкіндік беріп жатырмыз. Төрт жылдың ішінде ұлттық құрамаға көп ойыншы шақырылды деп ойлаймын.

- Бұған дейін болашағынан көп үміт күттіретін Жомарт Тоқаев шақырылды.

- Ұлттық құрамаға шақырту алу үшін ойынымен дәлелдеу қажет. Ұлттық құрамаға қажет екенін дәлелдесе ғана орын табылады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу