Қақпашының баласы анасын пышақтап өлтірген

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2813

Ресей құрамасының бұрынғы қақпашысы Максим Соколовтың отбасы жан түршігерлік оқиғаға душар болды.

Қақпашының баласы анасын пышақтап өлтірген

Қайғылы оқиға жайлы суыт ақпарат кеше тарады. 2000 жылдары хоккейден Ресей құрамасының намысын абыроймен қорғаған, Турин Олимпиадасына қатысқан, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері атанған Максим Соколовтың отбасында адам түршігерлік оқиға болған. Алайда, бірден айта кетейік, үлкен-Максим әйелі Иринамен 2017 жылы ажырасып кеткен.

Бейсенбі күні Ленинград облысындағы Романка қонысында Соколовтың 15 жастағы кіші ұлы Арсений көшеге жүгіріп шығып, көршілерін көмекке шақырған. Ол ағасы Максимнің (яғни қақпашының үлкен ұлының) есінен ауып, анасын өлтіргелі жатқанын айтып, зыр жүгірген. Зейнеткер көршісінің бірімен қайтадан бірге барғанда, Иринаның өлі денесі мен оның жанында 18 жастағы кіші-Максимнің қансырап, жаралы жатқанын көрген.

Содан бері тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Соколовтың үлкен ұлы – әлі ауруханада, жан сақтау бөлімінде. Кіші ұлы Арсенийдің айтуынша, анасы мен ағасы ұрыссып қалып, кіші-Максим шешесіне пышақ ала жүгірген. Содан кейін өзіне де қол жұмсауы мүмкін екен. Ал тергеушілер бұл жағдайдың мүлде басқаша жағдайда өрбуі ықтимал екендігін жоққа шығармайды. Қазір әр түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр.

Себебі, қақпашы Соколовтың кіші ұлының қылықтары – тым күдікті. Анасының өлі денесін көріп, ашу-ызаға ерік беріп, ағасын өзі жарақатауы да мүмкін. Тіпті анасын да өлтірген кіші ұлы болуы ықтимал. Кейінгі жылдары семсерлесу спортымен айналысып жүрген Арсенийдің пышақ ұстау білетіндігіне полиция қыметкерлері шүбә келтірмейтіндей. Сөйтіп, бұл оқиға мейілінше шиеленісе түскен.

Максим Соколов қазір шайбалы хоккейден Петербордың СКА клубы жүйесінде қақпашыларды жаттықтырады. Ал үлкен ұлы, яғни кіші Максим – СКА-1946 клубында қақпашы. Кіші ұлы Арсений болса, әу баста балалар командасының қақпашысы болған. Одан кейін семсерлесу спортымен айналыса бастапты. Айтпақшы, осыдан бірер жыл бұрын үлкен-Максим көбінесе түзде жүріп, ұлдарын өте сирек көргенін және оларды тәрбиелеуге көп уақыт бөле алмағанын бүкпесіз айтқан екен.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу