Қалааралық микроавтобустар айына миллион табады

4391

Мемлекет оларды спутниктен бақылауға алатын болды.

Қалааралық микроавтобустар айына миллион табады

Биліктің бас ауруына айналған, жергілікті "мафиялар" жайлаған сала бар. Бұл – базарлар маңында, темір жол вокзалдары жанында, басқа да қалтарыс-бұлтарыстарда жолаушы жинап, қалалар мен облыстарға, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге аттанатын автобустар мен микроавтобустар. Олар нақты автобустер паркіне ие және кесте бойынша қалааралық және халықаралық бағыттарда тұрақты рейс жасайтын сапаржай-автовокзалдармен қатаң бәсекелеседі.

Бұлармен әкімдіктер де, құзырлы органдар да күресе-күресе шаршады. Қолдарынан келгені – олардың біразын тіркелуге және салық төлеуге иліктірді. Осы мақсатта "облысаралық және халықаралық қатынаста жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратындар" санаты қалыптастырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елде "тұрақты емес тасымалдау" саласында осындай 625 компания тіркелді. Олардың қолында 1 мың 112 автокөлік бар екен.

Ескірген көлік, есірген жүргізуші

Енді мемлекет бұларға қатысты тағы бір проблеманы шешуге ниетті. Бекітілген сағат кестесімен емес, салонға жолаушылар тола сала жолға шығатын осы автобустар мен микроавтобустар клиентті бірінші "қағып" алу және тәулігіне бірнеше рейс жасап үлгеру үшін бір-бірімен жарыса зулайды. Жол ережелерін ұдайы бұзады. Салдарынан олардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларының саны көбейген көрінеді. Сондықтан министрлік бұлардың жылдамдығын азайтуға қол жеткізбек.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2018 жылы автобустар қатысқан 496 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 53 қаза тапқан, 733 жолаушы жараланды. 2019 жылы ЖКО саны 542-ге жетті. Оның барысында 80 адам жантәсілім еткен, 946 адам жарақаттанды. Әрине, бұл қатарға қала ішіндегі қоғамдық көліктің де статистикасы қосылып кетіп отыр.

Егер одан бөлектеп алар болсақ, тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын микро және қарапайым автобустардың қатысуымен 2018 жылы 117 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті, соның кесірінен 50 адам мерт болды, тағы 325-і мертікті, жарымжан болды. Былтырғы жылы бұлар 114 апатқа душар болған. 29 адам өлген, 226 адам жарақаттанды.

"Салдары ауыр, құрбандары және жараланғаны көп жол-көлік оқиғалары әсіресе, қозғалыс жылдамдығы жоғары, жолы ұзақ болып келетін облысаралық және халықаралық жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау кезінде орын алады. Мұндай бағдарларда автобус жүргізу үшін жүргізушінің кәсіби біліктілігі жоғары болуға, еңбек режимі сақталуға, автомашинаның техникалық жай-күйі жақсы болуға тиіс. Қарама-қарсы қозғалыс жолына шығып кету, көктайғақта тайқақтау секілді штаттан тыс оқиғаларға жүргізуші лайықты реакция көрсетуі үшін оның денсаулығы жақсы болуы және шаршап қалмауы керек. Алайда тұрақты емес тасымалда ол талап сақталмайды", – дейді министрлік.

Салаға тексеру жүргізген көлік инспекторлары біраз былықты әшкерелепті. Тасымалды жүзеге асыратын компания тіркелгенімен, оның автопаркі болмайды, оған тек өз автобус-микроавтобусы бар жүргізушілер кіреді, өз көлігінің техникалық жағдайына да солар жауап береді. Компания тек олардың бизнесін ғана заңдастырады. Жалғыз қалған жүргізуші рейс жасауға бар күшін сарқа жұмсайды. Оның автовокзалдар секілді білікті көмекші-жүргізуші жалдауға, жөндеу базасын ұстап тұруға мүмкіндігі жоқ.

Жолға шығар алдында мұндай жүргізушілер медициналық тексерістен өтпейді, тек компания құзырлы органдар үшін көзбояу қылып "өтті" деген жалған анықтама бере салады. Содан әбден қажыған жүргізушілердің жүйкесі жұқарып, сәл кикілжіңге бола бәсекелесіне жұдырық ала жүгіретін, қырылысып төбелесетін кезі аз емес,

Автобус-микроавтобустарға да рейс-алды техникалық тексеру жүргізілмейді. Талдау көрсеткеніндей, бұл көліктердің көбі тозған: олардың негізінен 15 жылдан, тіпті 35 жылдан бері пайдаланылып келе жатқаны анықталыпты. Нәтижесінде, машина металы сапасын жоғалтқан, агрегаттары ақаумен жұмыс істейді. 

Осыған орай салаға жауапты министрлік тұрақты емес тасымалмен айналысатындардың қызметін қашықтан, контактісіз бақылауды енгізгелі отыр. Бұл заң бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік беруге тиіс.

Ресейлік спутник қызметіне жүгінеді

Қордаланған мәселелерді шешу үшін қандай жаңалық енгізілмек? Атап айтқанда, бұлар өз көліктерін спутниктік навигация аппаратурасымен жабдықтауға міндеттеледі. Ол аппаратура машинаның қай жерде кетіп бара жатқаны, қандай жылдамдықпен жүйткігені, егер сынып қалса қайда тұрғаны туралы ақпаратты өз компаниясына және жергілікті уәкілетті органның диспетчерлік жүйесіне онлайн режимде беріп отырады.

"Бұл көліктерді спутниктік навигация аппаратурасымен жабдықтау уәкілетті органның диспетчерлік жүйесіне нақты уақыт режимінде көлік құралының ағымдағы орналасуы мен қозғалыс жылдамдығы туралы мәліметті автоматты түрде беруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте егер жүргізуші рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын асырса немесе көлікті белгіленген 8 сағаттық жұмыс уақытынан көп жүргізсе, диспетчерлік жүйе бұзушылықтың орын алғаны туралы дереу хабарлайды. Бұл қадам меморгандарға заңнама талаптарын бұзу фактілерін анықтауға, сондай-ақ адал емес жүргізушілерге тәртіптік шара қолдануға мүмкіндік береді", – деп дәйектеді индустрия министрлігі.

Сондай-ақ апат болып, автобус тоқтаған жағдайда оған техникалық көмек көрсету, көлік құралын алмастыру және жолаушыларға қажетті жәрдем жасау үшін спутниктік жабдық арқасында көліктің орналасқан жерін анықтауға болады.

Қазақстан Ресейдің ГЛОНАСС жаһандық навигациялық спутниктік жүйесінің қызметіне жүгінеді. Оның аппаратурасы да арзан тұрмайды. Оған қосымша ресейлік бағдарламалық қамтылымды сатып алу керек.

Ведомство мұны тасымалдаушылардың қалтасы көтеретініне сенімді.

"Тасымалдаушының 1 көлік құралын спутниктік навигация аппаратурасымен жабдықтауға және оны ұстауға кететін 5 жылдағы шығыны 175 мың теңгені құрайды. Сол көлік арқылы тасымалдаудан түсетін кірісі орташа есеппен 1 айда 1 миллион теңгеге дейін жетеді: жүктелуіне қарай әр көлік күніне 30–40 мың теңге табыс әкеледі. Сол себепті, тасымалдаушының 1 көлік құралына кететін 5 жылдағы шығыны 1 айдағы кірісінің 18%-ына ғана тең. Яғни, бар шығыны 1 ай ішінде өтеледі", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Ай-ти саласының белгілі маманы Валерий Комаров мұндай жаңалық енгізбес бұрын оның заңнамалық тұғырын түзуге кеңес береді.

"Мысалы, Ресей Үкіметі ГЛОНАСС навигациялық аппаратураларын автобустар мен қауіпті жүк таситын жүк көліктеріне орнату ережелерінің әрекетін 2020 жылғы 31 мамырға дейін тоқтата тұруға мәжбүр болды. Оның алдында 2019 жылғы 1 шілдеге дейін Үкімет осылай үзіліс алған. Сонда аталған ережелерге сәйкес келетін навигациялық жүйелердің нарықта жоқтығы айтылды. Бүгінде басқа мәселе бас көтеріп отыр: Ресей заңнамасында осы аппаратуралардың өлшеу құралы болып табылатыны көрсетілмепті. Тиісінше, олардың онлайн режимде беретін мәліметтерінің де заңдық күші жоқ және оны құқық бұзушыларды жазалау үшін пайдалануға болмайды. Демек, заңнамаға түзетулер қабылдамай, енгізбеген жөн", – дейді сарапшы.

Заңнамада тек тахографтарға қатысты талаптар ғана көзделген.

Қазақстанда бұл мәселе "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында реттеледі деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу