Қалада пәтері барларды алаңдатқан жаңа тәртіп жарияланды

4695

Зейнеткерлер 2026 жылы дара кәсіпкерлігін тіркетпей, "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" ретінде пәтерін жалға бере ала ма?

Қалада пәтері барларды алаңдатқан жаңа тәртіп жарияланды Фото: canva

Қазақстанда баспанасын сағатына, тәулігіне және айына жалға беретін адамдарға қарсы қысым күшейген екен. Бұған елорда тұрғыны Гүлжайна шағымданды.

Ол кісі 2 жыл бұрын Шымкентте тұратын баласының қолына көшіпті. Шағын зейнетақысы азық-түлік пен дәрі-дәрмекке де жетпей қалатынына қапаланады. Содан Астанадағы пәтерін арендаға тапсырып, табыс табуға ұйғарады.

"Жөндеу жұмыстары былтырғы шілдеде ғана аяқталды. Содан соң адам іздеп, хабарландыру арқылы жас отбасыға жалға бердім. Сыпайы, әдепті жастар. Шымкентте отырып, үй чатына үнемі құлақ түріп қоятынмын, "баспанама қатысты шағым айтылмай ма?" деп. Бәрі тыныш болды. Бірақ артынан әуресі басталды. Есік қаққан полицияға есік ашып қойыпты. Олар: "Пәтер жалдаушыларын тұрақты тіркеуге қоймады" деп айыппұл салды. Содан кейін: "Кәсіпкер ретінде тіркелмей, үйіңізді заңсыз жалға бересіз!" деп салықшылардан ескерту келді. Желтоқсанға дейіне тіркелмесеңіз, үлкен айыппұл саламыз дейді. Олар көршілерді куәгер ретінде тартып, сыртымнан хаттама толтырып қойыпты", – дейді Гүлжайна Қ.  

Желтоқсан айының басында ол кісінің арендаторлары шетелге көшіп кеткен екен. Сондықтан Гүлжайна апай дара кәсіпкер ретінде сол бойы тіркелмепті. Құзырлы органдардың қорқытуынан үрейі ұшып, баспанасын жалға беруді де доғарған.

"Пәтерімде енді өзімнен басқа ешкімнің өмір сүрмейтінін, арендаға тапсырмайтынымды хабарлап, Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіндім. Олар сенбейді. "Тексеруге адам жібереміз, қызметкеріміз көршілерден, МИБ төрағасынан бұл мәлімдемеңіздің дұрыс-бұрыстығын нақтылайды" деді. Жаңа жыл басталды. Әлі күнге келмеді. Шымкентке орала алмай, елордада, қыс ішінде жалғыз отырмын", – деп қамығады Гүлжайна Қ.  

Өз кезегінде халықтың осы саладағы шағымына бірінші болып үн қатқан Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті зейнеткерлерге үйлерін жалға беруден қорықпауға шақырды, бірақ олар да бұл бизнесін заңдастыруға және әрбір арендаторына чек басуға міндетті. Әйтпесе, шынында салмақты айыппұлдар салынады.  

"Әрине, зейнеткерлер де өзге жеке тұлғалар сияқты белгілі бір шарттарды сақтаса, 2026 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркеліп, пәтерін жалға бере алады. Оларға жекеменшіктегі баспанасын жалға беруге немесе басқадан жалға алынған тұрғын үйді субарендаға беруге рұқсат етіледі. Жеке меншік құқығындағы немесе жалға алынған тұрғын үйлік жылжымайтын мүлікті басқару, арендаға және субарендаға беру – өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілді", – деп түсіндірді мемкірістер департаменті.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелу үшін келесі негізгі шарттар қойылады:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тіркелмеуі керек: өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған режим тек жеке тұлғаларға ғана қолжетімді, кәсіпкерлер оны қолдана алмайды;
  • тиісті қызмет түрі "Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға (ӨЖҚ) арналған арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіне" қосылған болуға тиіс;
  • бүкіл қызметті жалғыз атқаруға міндетті, жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдалануына рұқсат етілмейді;
  • айлық табысы 300 АЕК-тен (2026 жылы – 1 297 500 теңге) аспауға тиіс.

ӨЖҚ-ға салықтар қалай есептеледі?

Жеке кәсіпкерден бір артықшылығы, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген жеке тұлғалар "жеке табыс салығын" (ИПН) төлемейді.

Сонда ай сайын тапқан табысынан қандай алымдар ұсталады? ӨЖҚ-лар алған табысының 4%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлеуге тиіс, оның құрылымы келесідей:

  • әлеуметтік аударымдар (СО) – 1%;
  • міндетті зейнетақы жарналары (ОПВ) – 1%;
  • жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ОПВР) – 1%;
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (ВОСМС) – 1%.

Бұл жерде өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген зейнеткерлер тіпті ұтатын көрінеді. Себебі, мемкірістер департаментінің мәліметінше, Әлеуметтік кодекстің 243 және 248-баптарына, сондай-ақ "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңның 28-бабына сәйкес, жасы бойынша зейнеткерлер әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеуден толық босатылады.

Осылайша, ӨЖҚ ретінде ресми тіркелген зейнеткерлер жеке табыс салығын (ЖТС) да, әлгі аталған әлеуметтік төлемдерді де төлемейді.

ӨЖҚ-лар режимінде қалай тіркелуге болады?

Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнаулы салық режимі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап "e-Salyq Business" арнайы мобильді қосымшасын жүктеп, пайдалануды және есеп беріп отыруды талап етеді.

Ол үшін сіз:

  • Аталған мобильді қосымшада өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелуіңіз керек;
  • Әрбір клиентіңізге фискалдық түбіртек-чек (электронды) беруіңіз керек. Берілген алғашқы түбіртек ӨЖҚ режимін қолдана бастаған күніңіз болып табылады.
  • Қосымшада әлеуметтік аударымдар ай сайын автоматты түрде есептеліп тұрады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнаулы салық режимі Салық кодексінің 718, 721-баптарымен реттеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу