Қалалардағы жылу желілерінің тең жартысын ауыстыру қажет

Тозу деңгейі 70%-дан жоғары инфрақұрылымды жаңартуға 538 млрд теңге инвестиция керек.  

Қалалардағы жылу желілерінің тең жартысын ауыстыру қажет Фото: primeminister.kz

Қелер жылдың 1 маусымына дейін жергілікті атқарушы органдар жылу желілеріне техникалық тексеріс жүргізеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ведомство басшысының сөзінше, қазір еліміздің қалаларындағы жылу желілерінің тұтастай ұзындығы 12,1 мың шақырым, оның 6,7 мың шақырымын ауыстыру қажет. 

"Яғни, 45 қалада желілердің тозуы 50%-дан төмен, 50-70% аралығындағы тозу деңгейі – 19 қалада тіркелген. Тағы 7 қалада оның көрсеткіші 70%-дан жоғары. Ал Риддер, Шемонаиха және Арқалық қалаларындағы 4 субъектке байланысты ұзындығы 52 шақырым желінің нормативтік пайдалану мерзімі асып кеткен", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Осы ретте еліміздегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланған. Бірінші кезеңде ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желісін немесе тозуы деңгейі 70%-дан жоғары инфрақұрылымды жаңарту көзделіп отыр. Бұған қажетті инвестицияның мөлшері 538 млрд теңге. Екінші кезеңде тозу деңгейі 50%-дан бастап 70% дейінгі аралықтағы жылу желілері ауыстырылмақ. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде тозу деңгейі 50%-дан төмен желілерді ауыстыру ұсынылып отыр.

"Қазір жылу желілерін жаңғырту мен салуға байланысты қаржыландырудың 3 тетігі қарастырылған. Айталық, бюджеттік несие арқылы, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп субсидиялау және "Моно және шағын қалаларды дамыту" бюджеттік бағдарламасының көмегімен нысаналы трансферттерді аудару арқылы", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Бұдан басқа ИИДМ басшысы жылу коммуникациялық-инфрақұрылымның жағдайын жақсарту үшін өңірлік әкімдіктерге жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін ескеріп, әрбір субъектке байланысты шаралар жоспарын бекітіп, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау қажеттігін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу