"Қалам ұстаған қауым елдің мәселесін көтереді" – Президент

883

Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласындағы марапаттар мен гранттарды тапсырып, журналистерді БАҚ қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Қалам ұстаған қауым  елдің мәселесін көтереді" – Президент Фото: akorda.kz

"Баршаңызды бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Үздік журналистерді марапаттау шарасында Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Көпшілігіңізді сырттай танимын. Мақалаларыңызды оқып тұрамын. Еліміздің журналистика саласына жас мамандардың келіп жатқаны – өте жақсы үрдіс. Жазу стилі – ерекше, еркін, батыл, ұстанымы ашық тілшілер бұл кәсіпті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін", – деп құттықтау сөзін бастаған Президент БАҚ саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды.

Мемлекет басшысы ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы бәсекелестік жайына тоқталып, журналистің өзгеріске дайын болуы керектігін атап өтті. 

"Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел" деп хакім Абай айтпақшы, журналистің осы өзгерістерге бейімделуі өте маңызды. Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет", – деді.

"Әр заманның айтар сөзі, көздеген мақсаты болады. Қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтереді. Бұл – өткен ғасырда "Қазақ" газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия, деп Мемлекет басшысы журналистер қауымының жауапкершілігі жайлы сөз етті.

"Журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналистің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни, ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс", – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдап жатқандығына тоқталып, азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі – Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі екендігіне тоқталды.

"Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекетке айналды. Біз көптеген салалар бойынша алда келеміз. Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Біз бір ел болып табанды еңбек етуіміз керек. Қазақстан озық елдермен қатар тұратын бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы қажет. Осы міндетті жүзеге асыру жолында сіздердің, яғни журналистердің рөлі айрықша. Медиамамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек. Бұл – аса маңызды міндет. Қазір отандық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейде белсенділік танытатын кезі келді, деп Президент әлемдік медиа корпорациялардың оң тәжірибесіне мән беру керектігін айтты.

"Халқымыз "Кемедегінің жаны бір" дейді. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің өсіп-өркендеуі тек Үкіметке немесе жалпы билікке байланысты емес. Мемлекетіміздің дамуына әр азаматтың үлес қосуы аса маңызды. Бұл – өте қарапайым әрі өзекті формула.

Сондықтан тілші қауымның да, қатардағы азаматтың да, Президенттің де мақсаты – ортақ, мүддесі – бір деп ойлаймын. Бұл – тәуелсіздігімізді нығайту, елімізді көркейту. Осы міндетті жүзеге асыру үшін елімізге адал еңбек ету – парыз!", - деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу