"Қаламқас" кен орнындағы апатқа жол берген кінәлілер анықталды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3671

Оқиғаға Қытайдың "Си Бу" инженерлік бұрғылау компаниясы кінәлі деп танылды.

"Қаламқас" кен орнындағы апатқа жол берген кінәлілер анықталды Фото: miid.gov.kz

Осы жылдың 13 наурызында Маңғыстау облысындағы "Қаламқас" кен орнында апат болғанын жақсы білеміз. Дәлірек айтсақ, кен орнындағы №8237 ұңғымасы өртке оранып, тілсіз жау бірнеше күннен соң ғана сөндірілген болатын. Осыған орай арнайы жүргізілген тергеп-тексеру жұмыстарының қорытындысы шықты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов атап өткендей, комиссия шешімімен оқиғаға "Си Бу" инженерлік бұрғылау компаниясы кінәлі деп танылды.

"Ұсынылған материалдарға сәйкес, "Си Бу" инженерлік бұрғылау компаниясы ұнғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғандығы анықталды. Соның салдарынан жер астындағы газ-су көрініп, сыртқа шыққан", – деді Нығметжан Мақажанов.

Қысқасы, компания өкілдері ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, сондай-ақ мұнай және газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұзған. Яғни, цементтің қатқанын күтпей, ұңғыманың сағасын уақытынан бұрын герметизациялаған.

Белгілі болғандай, цементтің қатуы үшін 24 сағат керек екен. Ал компания өкілдері цемент құйылғаннан кейін арада бір сағат өтер-өтпесте герметизациялауға кіріскен. Барлық пәле осыдан басталып отыр.

"Бұдан бөлек, компания атқыламаға қарсы жабдықты пайдаланудың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативті-құқықтық акт талаптарын сақтамаған. Сонымен қатар, компания тарапынан ұңғыманың құрылысын қауіпсіз енгізуге қажетті өндірістік бақылау қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ компания қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білім дәрежесі де сәйкес келмейді", – деп нақтылады Нығметжан Мақажанов.

Министрлік өкілінің сөзінше, апаттың себептері мен мән-жайы көрсетілген акт жасалып, мұндай апаттардың алдын алу бойынша шаралар әзірленген.

"Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілді", – деді ол.

Еске сала кетейік, экологтар апаттың шығынын 100 млн теңге деп бағалаған еді. Бұл шығынды кінәлі тарап, яғни "Си Бу" инженерлік бұрғылау компаниясы өтеуі мүмкін.

"Компания қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді", – деді Нығметжан Мақажанов.

Апат орын алған №8237 ұңғымасы "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамына тиесілі. Ал "Си Бу" инженерлік бұрғылау компаниясы – қытайлық кәсіпорын. Ол "Маңғыстаумұнайгаз"-дың мердігер ұйымы болып табылады. Компания ұңғыма қазумен және жөндеумен айналысады.

"Си Бу"-дың Қазақстан аумағында жұмыс істеп келе жатқанына 5 жылдай уақыт болған. Бұған дейін аталған компания тарапынан мұндай олқылықтарға жол берілмеген. Оның құрамында қытайлармен қатар, Қазақстан азаматтары да жұмыс істейді. Қазіргі таңда "Си Бу"-ды лицензиясынан айыру мәселесі қарастырылуда.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу