Қаланың "гламурный" хайуандарына екпе жасауға 22 млн қайтарымсыз қаржы бөлінді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3177

Қомақты қаражатпен балабақшадағы бүлдіршіндердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға болар еді. 

Қаланың "гламурный" хайуандарына екпе жасауға 22 млн қайтарымсыз қаржы бөлінді

Көрместі көріп, естіместі естуге етіміз үйреніп кеткен. Сондықтан  шенеуніктер шығарған кері шешімдердің байыбына бармай, үйреншікті жайт ретінде қабылдай салатын болдық. Әйтпесе биыл Астана қаласының бюджетінен үй хайуандарының екпесіне 22 миллион теңге бөлінгеніне неге селт етпедік?

Елорда әкімдігі медиа орталығының хабарлауынша, жергілікті "Византия" ветеринарлық клиникасында  5 мыңға жуық  ит пен мысық қайтарымсыз тегін вакцинаның игілігін көрген. "Астана Ветсервис" ЖШС ветеринария бөлімінің басшысы Ерлан Жекебаевтың айтуынша, құтырмаға қарсы ұдайы әрі тұрақты иммундау  кеселдің алдын алуға мүмкіндік беретін бірден-бір шара.

"Жануарларға адамгершілікпен қарау мақсатында әкімдік оларды  зарарсыздандыруға қаржы бөлді. Кез келген адам жануарларына тегін екпе салдыра алады. Қазір Белорусиядан шыққан "Берлап" дәрісі пайдаланылуда", – дейді Ерлан Жекебаев. Акция 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сонда дейміз-ау,  әкімдік үшін ит пен мысықтың денсаулығы бүлдіршіндерден әлеуметтік жағдайынан артық болғаны ма? Бұлай дейтініміз, астаналық ата-аналардың қолында балабақша ақысының екі есе қымбаттағаны көрсетілген түбіртек пайда бола бастады. Оның себебін қалалық білім басқармасының мамандары: "балаларды тамақтандыру қымбаттап кетті" деп түсіндірген.

"Менің екі балам Астанадағы мемлекеттік №3 "Батыр" балабақшасына барады. Енді олар үшін 16 мың теңгенің орнына  32 мың теңге төлеуге тиіспін. Бұрын балабақшаларға субсидия бөліп тұратын. Ал қазір дағдарысқа байланысты нанға бөлінетін субсиядия да алып тасталды.  Мүмкін, азық-түлік  өнімдері қымбаттады деп бізді алдап отырған шығар", – дейді "Шаңырақ" үкіметтік емес ұйымының төрағасы Махамбет Әбжан.

Қоғам белсендінің айтуынша,  тұрмысы нашар отбасыларға балабақша ақысын төлеуде арнайы жеңілдік  қарастырылуы қажет-ақ.

Астана қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі оқу-тәрбие бөлімінің бастығы Анар Смақова болса, қазір елордада бір адамға шаққандағы азық-түлік себетінің бағасы 24-33 мың теңге, ал ол балаларды бір ай тамақтандыруға жетпейді деген уәжді алға тартып отыр.

"Бұрын Астанада мемлекеттік балабақшалардың айлық ақысы үш жасқа дейінгі сәбилер баратын кіші топтар үшін 8 мың 400 теңге еді, енді 14 мың 700 теңге болды. Ал ересектер тобы үшін 10800 теңгеден 16 мың 800 теңгеге көтерілді", – дейді Анар Смақова. Оның сөзінше, балаларды бұрынғы арзан бағамен тамақтандырудан азық-түлік өнімдерін сатушылар бас тартып жатқан көрінеді. Олар тамақтың бағасын қымбаттату кезінде азық-түліктің статистика органдары көрсеткен бағасы мен балабақшаларға арналған санитарлық нормаларға сүйенеді екен.

Түсінбейтініміз, тұрмысы төмен отбасындағы бүлдіршіндердің  жағдайынан ит пен мысықтың денсаулығы артық болғаны ма? Қора күзетіп, тышқан ауламайтын қаланың "гламурный" хайуандарына иелері екпені өз ақшаларына ектірсе қайтеді?Әкімдіктегілерге хайуандарға бөлінген 22 миллион теңгемен балабақшаның  асханасын құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз етуге болар еді ғой.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл адам ағзасына қауіпті вирустың үш түрі таралуы мүмкін деп отыр. Ал отандық  дәрігерлер халықтың 20%-да тұмауға қарсы иммунитет жоқтығын анықтаған. Сол адамдардың бойындағы иммунитет Астанадағы ит пен мысықтың иммунитетінен төмен емес пе екен осы?

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу