Қалетаев қателесті ме?

2706

Қазақстан велоспорт федерациясының президенті футболдағы легионерлер лимиті жайлы ойын білдірді.

Қалетаев қателесті ме?

Алматыда журналистермен кездесу барысында Дархан Қалетаев қазақ футболындағы легионерлер мәселесіне арнайы тоқталып, ондағы шектеуді алып тастау қажет деп айтты.

"Мен Қазақстан футбол федерациясының атқару комитетінің мүшесімін. Сондықтан да, осы жақында жаңа ұсыныс айтқым келіп отыр. Легионерлерге деген шектеуді алып тастау қажет. Бүкіл әлемде солай. Қазақстанның футболшыларына жылы жағдай жасауды доғару керек", - деді Дархан Аманұлы.

Алайда, күні кеше ғана Қазақстан жастары Израильден жеңілісімен команда бапкері Александр Москаленко сәтсіздіктердің басты себебі ретінде ел біріншілігінде легионерлердің көп екенін айтты.

"Біздің жеңілістеріміздің себебі Қазақстан жастар құрамасына алынатын ойыншылардың өз клубтарында алаңға шықпауында. Олар үнемі қосалқы құрамда отырады. Мысалы орталық қорғаушымыз Рауан Орынбасар биылғы маусым басталғалы бері "Жетісу" командасының сапында бірде бір мәрте алаңға шықпады. Талантты жастарымыз жеткілікті, бірақ олар алаңға шығып футбол ойнамайды", - деді А.Москаленко.

Расымен де, сараптап қарасақ Қазақстан жастар құрамасының негізгі ойыншысы Талғат Кусяпов биыл "Астана" сапында 6 минут қана ойнаған. Ортадағы жартылай қорғаушы Адам Адахаджиев "Қайратта" 12 минут, Сұлтан Сағынаев "Ертісте" 193 минут, Вячеслав Швырев "Қайратта" 222 минут, Рамазан Каримов "Астанада" 90 минут, ал шабуылшы Владислав Прокопенко елордалық команда сапында мүлде алаңға шықпаған.

Сонымен қатар, легионерлер мәселесіне байланысты тағы да бірнеше дау-дамау болғанын айта кетейік. "Атырау" командасы маусым басында бас бапкер Виктор Кумыков әкелген легионерлердің барлығымен қош айтысты. Ал "Ертіс" клубының басшылығы трансферлік ауысым кезінде сырттан келген ойыншыларды түгел алмастырып тастады. Әрбір 4 ай сайын легионерлерді ауыстыру футбол тұрғысында дұрыс жағдай деп айта алмайсыз. Алайда, жемқорлық әрекеттердің кесірінен клубтар осылайша зардап шегуде. Бұл тізімге, легионерлерге қомақты жалақы тағайындап, оның жартысын бөліске салып, кейбірінің жалақысын мүлде бермей қойып, түбінде зардап шегіп отырған "Ақтөбе" клубында мысалға келтіруге болады.

Сондықтан да, Дархан Қалетаевтың ішкі чемпионаттың деңгейін көтеру мақсатында легионерлерге деген шектеуді алып тастау ұсынысы әзірге қисынға келмейтіндей көрінеді. Әрине, "Астана", "Қайрат", "Ордабасы" секілді қаржысы бар клубтарымыз легионерлер алып, 11 шетелдік футболшымен еурокубокте табысқа жетер, алайда, одан ұлттық құрамамыздың деңгейі бірден көтеріледі деп айту қиын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу