Қалықтаған триллион

Камила Абдиева Камила Абдиева
2548

Қыркүйек айында Ұлттық банктің шотында ірі салымның пайда болуы – ҚКБ-ны құтқару және соңғы девальвацияның сырын ашуға себеп болуы мүмкін. 

Қалықтаған триллион

Қыркүйекте еліміздегі депозиттер көлемі 5,9%-ға (немесе 1,04 трлн), 18,69 трлн теңгеге дейін өскен деп көрсетілген ҚР Ұлттық банктің есебінде. Әсіресе, корпоративтік салымдар бір ай ішінде  10%-ға (немесе 959 млрд долларға), 10,6 трлн теңгеге дейін өскен деп жазылған реттеушінің есебінде.

Бір қызығы, банктердің баланстық деректері бойынша, қыркүйекте корпоративтік депозиттер 1,7%-ға (немесе 155 млрд теңгеге), 9,09 трлн теңгеге дейін өскен. Басқаша айтар болсақ, негізгі ақша ағыны банк секторларына түспей, реттеушінің шотында қалған.

Егер қыркүйектегі ақша базасының динамикасына зер салсақ, онда оның тура 14%-ға (немесе 725 млрд), 6,06 трлн теңгеге дейін өскенін көруге болады. Түсінікті болу үшін ақша базасының көрсеткіші Ұлттық банктің міндеттемелері мөлшерін көрсететінін айтып кеткен жөн. Бұл ақша жиынтықтау үшін қолданылады,  сонымен бірге айналымдағы қолма-қол ақшаның көрсеткішін көрсетеді.

Ақша базасының кеңейтілген құрылымындағы 25%-ға (немесе 775 млрд теңгеге жуық), 3,94 трлн теңгеге дейінгі негізгі өсу реттеушінің міндеттемесінен туындаған. Нәтижесінде үлкен салымды Ұлттық банктің шотында орналастыру қыркүйек айында депозиттердің өсуіне әкелгенін көріп отырмыз. Бұған қоса, заңды тұлғалардың теңгелей салымының 30,9%-ға (немесе 740 млрд теңгеге) өскенін көрсететін  М1 ақша агрегаты бойынша қарағанда, бұл депозит көбінесе теңгеге ауыстырылғанын (ұсынылғанын) көрсетеді.

Мамандар арасында бұл кімнің ақшасы деген орынды сұрақ бірден туындады. ­Өйткені реттеушінің шотында мемлекеттің ақшасын (оның ішінде Ұлттық қордың ақшасын) орналастыру бір басқа, ал қалғаны мүлдем басқа шаруа. Былайша айтқанда, егер бұл ақша ұлттық компаниялардікі деп есептейтін болсақ, онда бұл жағдайда реттеуші жеке банктерге тікелей бәсекелес болып отыр деген сөз.  

Реттеушінің шотында осы жасырын салымды орналастыру нәтижесінде туындап отырған басқа бір маңызды жағдай – бұл қыркүйек айында ақша жиынтығының 5,3%-ға (немесе 1,03 трлн теңгеге), 20,5 мрлн теңгеге дейін өсуі болып отыр. Осы жылдың үшінші тоқсанында (қыркүйек айында біткен) теңгенің орташа сараланған бағамы алдағы тоқсанға қарағанда 5,6%-ға (332,41 дейін) құнсызданған.  Мұның барлығы осы процестер өзара байланысты деген мәселеге әкелмеу керек. Бұған негіз бар ма екенін анықтап көрейік.

Жасырын салымшы

Әңгімені әріден, яғни Ұлттық банктің шотындағы корпоративтік салымдар көлемі қыркүйекте 800 млрд долларға өскені туралы фактіден бастаған дұрыс.  Осы жерде мәселе таза өсім жайында болып отырғанын атап кеткен жөн. Мұның қаншалықты үлкен сома екенін, қарапайым факті көрсетіп береді. Яғни "Самұрық-Қазына"ҰӘҚ" акционерлік қоғамға кіретін компаниялар салымының көлемі, шоғырландырылған аудиторлық есептілікке сәйкес, 2017 жылдың басында  2,02 трлн теңге болған. Оның 1,2 трлн теңгесі "ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ-ға және оның еншілес компанияларына тиесілі деп көрсетілген мұнай-газ компаниясының есебінде.

Ұлттық компаниялардың қаражатының үлкен бөлігі ҰӘҚ-ның қарамағында, нақтырақ айтсақ, 1,25 трлн теңге – еліміздегі үздік ондыққа кіретін банктерде, ал 761 млрд теңгесі – халықаралық банктерде, 345 млрд теңгесі басқа несие мекемелерінде орналастырылған. Осылайша, ұлттық компаниялардың ақшасының көші-қоны, банктің баланстық ақпарында көрсетілуге тиіс еді, алайда бұл көрсетілмеген.

Сонымен қатар ақша көлемінің үлкен болуы мұндай ақшаны Қазақстанда көбінесе ірі ұлттық компаниялар ғана ұстайтынын көрсетеді. Қазіргі жағдайда осынша көп қолма-қол ақшасы бар адамның болуы екіталай. Бұл қаражат мемлекеттік құрылымдармен тікелей немесе жанама түрде байланысты болуы мүмкін деген қисынға келеді.

2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздің сыртқы қарызы 4,2 млрд долларға өскен, оның 3 млрд долларға  жуығын "ҚМГ"ҰК"  АҚ тартқан, ал 1,8 млрд доллары – фирмааралық қарыз. Бұл қаражатты тартудан  монетарлық статистикаға келген пайда шамалы, себебі ұлттық компаниялардың қарызы қазіргі бар қарыздарын қайта қаржыландыруға алынған. Ал фирмаарасындағы қарыз мұнай мен газ секторында басым болып отыр, сонымен қатар ол төленбеген девиденттер бойынша міндеттемелердің өскенін көрсетеді.

Осы жылдың үшінші тоқсанында "ҚазТрансГаз" АҚ 750 млн доллар болатын өзінің еуробондтарын орналастырған. Бірақ та тіпті соншалықты несие болғанның өзінде оны реттеуші міндеттемелерінің өсуімен салыстыруға келмейді. Осынша ақшаны кім, қайдан беруі мүмкін?

Қазкоммерцбанкті құтқару
Биыл елең етерлік оқиғалар көп болды, соның ішінде еліміздің ірі банктерінің бірі – Қазкоммерцбанкті құтқаруға ерекше тоқталып кетсек. Осы банкті құтқару үшін мемлекет үлкен қадамға, яғни осы жылы мемлекеттік шығыстарды төрт есе арттыруға барғанын атап кеткен жөн болар.

Мұның тарихы да қысқа: ақпан айында "2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңды таныстыру барысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков "Проблемалық несиелер қоры" (ПНҚ) АҚ-тың капиталын 2 трлн теңгеге толықтыруға қатысты жоспардың бар екенін айтқан еді.

Бұл қаражатты Ұлттық қордың мақсатты трансфертін 1 трлн теңгеге арттыру арқылы және ҚР қаржы министрлігінің 969 млрд теңгеге облигациялар шығаруы есебінен іздестіру болжанған. Алайда кейін Қазкоммерцбанкті қолдау секторын құтқаруға 2,4 трлн теңге бөлуге шешім шыққаны белгілі болды.

Олег Смоляковтың abctv.kz-ке түсіндіруі бойынша, жетпей тұрған 400 млрд теңгеге жуық қаражатты бұрын реттеуші ҰӘҚ капиталын толтыруға бөлген. Сондықтан ҚКБ-ны санациялауға жұмсалған бюджет мемлекеттік органдар тарапынан қайта ретке келтірілді. Алайда банкті құтқару жоспарын іске асырудың практикалық жағына  қатысты көптеген сауалдың жауабы әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. Оларға нақты тоқталайық.

Жетіспейтін тұстар
Бұл операцияны қаржыландырудың жоспары бастапқыда былай болған. ПНҚ үкіметтің балансына беріледі де, үкімет оның капиталын Ұлттық қордың мақсатты трансфертінің есебінен 2 трлн теңгеге  және 1 трлн теңге мен 969 млрд теңге мемлекеттің ішкі қарызы есебінен толықтырады.

ҚР қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, Ұлттық қордан 1,17 трлн теңге мөлшеріндегі транш бюджетке шілде айында түскен. Бұл Ұлттық қордың валюталық активтері 3,8 млрд долларға қысқарған кездегі Ұлттық банктің мәліметтерімен де нақтыланып отыр. Ал мемлекеттің ішкі қарызын орналастыру бұған қарағанда күрделі.

ҚКБ-ның 4 шілде күнгі баспасөз хабарламасына сәйкес, 3 шілде күні "БТА Банк" өзінің 2,4 трлн теңге қарызын төлеген, оның 625 млрд теңгесі Ұлттық банк алдындағы міндеттемені жабуға кеткен, 1 трлн теңгесі қаржы министрлігінің қазынашылық облигацияларын сатып алуға жұмсалған, ал 202 млрд теңгеге РЕПО операциялары бойынша міндеттемені жабуға жұмсалған, 41 млрд теңге "БТА" акцияларын сату-сатып алу кезінде алынған екінші транш бойынша қарызды жабуға жіберілген. Өтімділіктің қалған 570 млрд теңгесі ҚКБ-ның операциялық жұмысын қолдауға және өз міндеттемелеріне қызмет көрсетуге жіберілген.

Қазақстан қор биржасы  (KASE) мәліметі бойынша, 2017 жылдың шілдесінде әрқайсысы 250 млрд теңге болатын шығарылған төрт мемлекеттік құнды қағаз орналастырылған. Толығырақ тоқталар болсақ, онда әңгіме бір МЕОКАМ (MOM060_0051) және үш МЕУКАМ (MUM072_0012, MUM108_0012, MUM120_0018) құнды қағазын шығару жайында болып отыр. Бұлар бойынша табыстылық пен төлеу мерзімі бес жыл (жылдық 9,5%),  алты жыл (жылдық 9,4% ), тоғыз жыл (жылдық 9,1% ) және он жыл (жылдық 9% ).

Шілде айында қаржы министрлігі басқа МҚҚ-ны орналастырмаған. Дегенмен оларды ҚКБ сатып алды деуге болады, өйткені бұған банктің мәліметтері де дәлел. Алайда осы арада егер бюджет мемлекеттің ішкі қарызын мұндай көлемде орналастырмаған болса, онда келісімді қалай қаржыландыра алды деген бір заңды сауал туындайды.

Қаржы министрлігінің 2017 жылдың қаңтар-маусым айындағы статистикалық жинағында  осы уақыт аралығында орналастырылған мемлекеттік ішкі қарыз 265 млрд теңге болды деп нақты көрсетілген. Мемлекеттік қарыз бойынша міндеттемені жабуды есепке алсақ, таза нетто-өсім шамамен 92 млрд теңге болған. Осыған қарап, қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз есебінен ПНҚ-ның капиталын еш толықтырмағанын көруге болады, бірақ та "БТА" банктің проблемалық активтерін сатып алу үшін жетпей тұрған 969 млрд теңгені іздеп тапқан. Содан кейін "ауадағы" бұл ақшалар ҚКБ-ға беріліп, ҚКБ бұл ақшаға 1 трлн теңге мемлекеттік қарызды сатып алған.

Бюджеттің жыртығын ақша басып шығаратын станокпен бүтіндеді ме?
ҚКБ-ны құтқаруға арналған құйтырқы жоспарды іске асыруда қаржы министрлігіне біреу көмектескені анық. Бұған Ұлттық банк қана қатысып қойған жоқ. Өйткені Ұлттық банк Ұлттық қордан бюджетке бөлінген 1 трлн теңге траншты конвертациялау бойынша айналдыру пункті болды, содан кейін 2,4 трлн теңге транштың 75%-ын долларға айналдыруда, одан кейін ҚКБ-пен 1 трлн теңге мемлекеттік қарызды сатып алуда долларды теңгеге айналдыру бойынша жылдық валюталық-пайыздық айырбас жасау жөніндегі айырбас пункті болды.

Депозиттердің динамикасы жүйеде үлкен ақшаның  жоқ екенін көрсетеді. Осыдан барып, Ұлттық банк бұл жерде ҚКБ-ға демеуші болған шығар. Ұлттық банкке бұл еш қиындық тудырмайды, оған ақша станогын іске қосып, 969 млрд теңгені баса салу оңай ғой. Бірақ та бұл әзірге болжам ғана.

Abctv.kz 16 тамыз күні ресми өтініш жасау арқылы ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа ПНҚ-ға капитал толтыру үшін мемлекетке жетпей тұрған 969 млрд теңгені кім берді деген сұрақ қойған еді. Алайда әлі күнге бұған жауап жоқ.

Алайда қаржы министрлігінің ПНҚ-ны қорландыруға іздеп тапқан 969 млрд теңге мөлшеріндегі ақша Ұлттық банктің шотындағы депозиттердің қыркүйектегі 959 млрд теңгеге  өскен көрсеткішіне сайма-сай келіп тұрғаны да таңданарлық жағдай. Сыни тұрғыдан қарайтын оқырман осы екі оқиға арасындағы алшақтықты бірден аңғарады.

Өкінішке қарай, "БТА" банктің проблемалық активтерін мемлекетке сатудың құпия болуы және тараптар арасында негіздемелік келісімнің болуынан ҚКБ-ны құтқару бойынша нақты бірдеңе айту қиын. Тек тараптардың келісімді аяқтау мерзімі – осы жылдың III тоқсаны екенін ғана айта аламыз. Ал бұл мерзім тура қыркүйекте Ұлттық банктың шотында үлкен сома бар екені белгілі болған кезде аяқталғаны да күдік тудырады. 

Осы орайда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті таныстыру кезінде "бұрнағы жылдардағы сияқты реттеуші бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін эмиссияны іске асыру көзделіп отырған жоқ" деп айтқанын еске салып өткен жөн.  

Еліміздің бас банкирі жаңылысқан жоқ па және реттеушінің шотында кенеттен пайда болған ақша кімдікі? Бұл жұрттың көкейінде жүрген сауал. Егер бұған дейін айтқандарға сенетін болсақ, Қазкоммерцбанкті құтқару мұнай бағасының артып тұрған кезінде теңгенің әлсіреуіне және рубльді нығайтуға тиіс еді. Сонымен қатар бұған теңгемен жасаған салымдары ақша жиынының өсуінен құнын жоғалтқан қарапайым қазақстандықтардың қалтасынан шықты. Ал бұл жағдайдың қамтамасыз етілмеуі салдары бағамның құбылмалығына әкелуге негіз болды.

Гүлназ Ермағанбетова, Камила Абдиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу