Қалың қалай, кәсіпкер?

Сәния Сүлеймен Сәния Сүлеймен
7083

"Өзінің минералды қорларының арқасында Қазақстан әлемдегі ең бай елдер арасында 8-9-орында тұр", – деген еді 2014 жылы Қазақстан ғалымдары одағының президенті, экономика ғылымының докторы Оразалы Сәбден.

Қалың қалай, кәсіпкер?

Бар жақсы деген. Ал енді сол бар дүниені ұқсатып отырмыз ба? Шикізатты қалай пайдаланып отырмыз? Отандық, ұлттық дүниелерді паш ететіндей кәсіпкерліктің жайы қалай? Сұрақ көп, ал жауабын іздестіріп көрейік деген мақсатпен Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектептің үйірмесін жүргізіп отырған ұстаз Ләззат Әбділдәқызы Атыбайдың есігін қаққан едік.

- Ләззат ханым, қазір кәсіпкерлікті, бизнесті аңсайтын адам жоқ емес шығар? Жасап жатқан жұмысыңыз қалай басталды? Қазақтың ұлттық қолөнеріне ден қоюыңызға не себеп болды?

- Қызмет бабымен жолдасымның жұмысы Түркия елінен Қазақстанға ауысқан соң, үйде бекер отырмайын деп, осы өнермен шұғылдана бастадым. Негізі 4 сыныптан бастап инеге жақын болдым. Астана қаласына қоныс аударып, алғаш Сәкен Сейфуллин көшесіндегі жетім балалар үйінде ұлттық қолөнерден үйірме аштым. Біраз қазақ мектебінің есігін қаққанымда ешкім үндемеді. Ал орыс мектебі бірден келісімін берді. "Мынау оң қол, мынау сол қол, ал мынау біз!" деп орыс балаларына қолөнермен қоса ана тілімізді үйреткенім әлі есімде. Негізі менің әкем Әнәпияев Әбділдә Кеңес үкіметі кезінде "Қазақфильм" киностудиясында балалар мультфилімінің керемет суретшісі болған екен. Анам математика пәнінің мұғалімі болды. Мүмкін қолөнер деген әкемнен берілген қасиет болар?!

- Негізі бала оқытып, оның ішінде қолөнермен шұғылдандыру деген оңай емес. Қолөнер күні бойы тапжылмай отыруды талап етеді. Оның үстіне ақысыз, тегін. Бұл кім үшін, не үшін?

- Білесіз бе, мен ең алдымен анамын! Алланың берген ұл-қыздарым бар. Заман бұлай болып тұра бермейді. Бәрі уақытша. Техникаға бар жан-тәніммен "кіріп кеткен" ұрпақтың жайы қалай болады? Бір ғылыми жұмыс ашып, пайдалы нәрсе жасап жатқан ұрпаққа сөзім жоқ! Ал ертеден кешке дейін құр интернетке жабысқан адамнан қандай болашақ күтуге болады? Өкінішті, әрине! Мүмкін ауыл баласына деген көңілім жай болар... Неге? Өйткені біз ауылда өстік ертеден кешке дейін еңбек және сабақпен күніміз өтті. Су әкелу, отын жару, от жағу деген секілді. Бүкіл үй шаруасы мойнымызда болды. Ұл-қыз деп бөлінбедік. Бұл – ең алдымен тәрбие. Әкелген суыңның дәмі, от жаққан үйіңнің жылуын сезіну, еңбектің тәтті дәмін сезу деген сөз. Ата-ананың қадіріне жету, сыйлау деген осы болар? Қазақи тектілік десем артық болмас?! Сондықтан болар біз ата-анамызды, ұстазымызды сыйлап өстік, жоғары оқу орнын оқысақ, білім алсақ деген ниет болды. Ал қаланың баласы күні бойы жалғыз. Қазір бәрі қымбат. Қалай асыраймын деп ата-ана күні бойы жұмыста. Сонда баланы қоғаммен интернет тәрбиелеп отыр емес пе?! Сондықтан бұны дамыту себебім әрі өнер, әрі тәрбие, әрі бизнес! Қыздарға үнемі айтып отырамын "Сендер – болашақ анасыңдар! Өмірде бұл дүние пайдасын тигізбесе, зиян болмайды! Күн ұзақ алтын уақыттарыңды бекер кетіргенше, пайдалы іспен айналысыңдар!" деймін.

- Қарап отырсам бірнеше тігін машинкаңыз бар екен. Қалай қол жеткізгеніңізді білсек.

- Ия, жаңа айтып өттім. Балаларға үйірмеміз тегін. Бүкіл жіп, мата, жүнді өз қаражатыма алып отырмын. Бұл тігін машинкаларымыз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғаш қолдаған түрік бауырларымыздың "Түрік ынтымақтастығы және дамыту агенттігі" 2014 жылы жасаған сыйы еді. Осының арқасында мен қанша балаға дәріс бердім. Өнерге деген қызығушылығын ояттым. Мен Сізге бір қызық айтайын. Бірде мектебімізге шетелден қонақтар келген еді. Үйірмелерді аралап жүр. Сонда қаншама қыздың ортасында бір ұл бала отырады. Сонда келген қонақтар әлгі оқушыдан "Сенде кесте тоқисың ба? Іс тігесің бе?" деп таңданғандарын жасырмайды. Сонда әлгі бала "Мен өскенде хирург дәрігер боламын, сондықтан бүгіннен бастап саусақтарым икемге келіп, әрнәрсені сезе білуім керек!" демесі бар ма? Бәріміз аңтарылып қалдық. Негізі жұмыстары керемет. Бастарына бас киім, қолғап, кофта, тіпті плащқа дейін тігіп, киіп алатыны бар. Оны мақтанышпен айта аламын.

- Қателеспесем, бізде қор, демеуші бар дегендей...

- Ия, ойыңызды түсіндім. Қор мен демеуші бар. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына барып көрдім. Оларға бастан асатын қағаз бен жылжымайтын мүлік қою керек екен! Мен қазір үйірмені жалғыз жүргізіп жатқан соң, қағазбен жүгіріп кетсем, менің оқушыларымды кім үйретеді? Сол қаржыны алып болғанша менің қаншама уақытым мен жұмысым тоқтап қалады. Ал үйірмеге келген баланың уақыты маған алытынмен тең. Сондықтан қор мен демеуші іздейтін және ыңғайына жығылатын уақыт пен жағдайым жоқ десем болар?! Әрине демеуші табылып, үйірмемді дамытып, қазақ еліне қызмет еткенге не жетсін?! Ертең ЕХРО кезінде шетелден келген қонақтарды біз тек төл өнерімізбен тамсандырамыз. Кейде осы керемет дүниелерімізді неге экспортқа шығарып, ел экономикасын дамытпасқа деген ой жоқ емес менде.

- Алдағы мақсатыңыз немесе арманыңыз жайлы білсек.

- Шыны керек арманым қазіргідей мектептің жертөлесінде емес бір ыңғайлы жер тауып, кәсіпкерлігімді дамыту. Мен осы уақытқа дейін біраз баланы оқыттым. Тек ата-аналардың алғысы мен батасы мерейімді өсіріп отыр. Қазір маған ең қажеті ыңғайлы жер болса, жалғыз мектеп оқушылары ғана емес, үйде отырған бүкіл қыз-келіншекке үйретіп, бір қажетіне жаратса деймін. Жасаған дүниелерімізді жарыққа шығарсақ. Қыздарымыз ұлттық нақышта өзгеше киіп жүрсе қандай әдемі?! Қаншама жұмыс орны ашылар еді? Білгеніммен бөлісу және халыққа қызмет ету – адамдық міндетім!

- Әдемі әңгімеңізге рахмет!

Ләззәт Әбділдәқызының шәкірті, Астана қаласы басқару колледжі "Дизайн" мамандығының студенті Әсем Қайыртайқызы:

- Ләззәт апайдың қолында тәжірибеден өтіп жүргеніме қуаныштымын. Өйткені бірнеше айдан бері көп нәрсе үйрендім. Қазір менің құрдастарым әлеуметтік желіде, көшеде қыдырумен уақыттарын жоғалтады. Ал мен өміріме септігін берер жұмыспен шұғылданып отырмын. Бұрынғыдай емес үйде жыртық-тесікті бүтіндеп, ескі киімдерден неше түрлі зат шығаруға құлшынамын. Бұл тігін тігу әлемі өте қызық екен. Қаншама қиялмен дүниелер жасайсың. Кейде үйден өзім алжапқыш немесе күнделікті қажет затты туған-туыс, құрбы-құрдастарымның туған күн, мейрамдарына тігіп, апара қоямын. Мен қазір керемет бизнесмен емеспін, қарапайым студентпін. Ал студенттің өз қолымен, шын пейілімен жасап апарған дүниесі кімді болмасын қуантарлығы анық. Өлмейтұғын мамандық иесі болғаныма қуаныштымын.

Енді осы мәселе төңірегінде мамандардың пікірін білуді жөн көрдік.

Техника ғылымының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің қауымдастырылған профессоры, "Тігін бұйымдарын құрастыру және тігу" мамандығы бойынша оқу-әдістемелік құралдарының авторы Жазира Болатбекқызы Байжанова:

- Мен негізі тігін бұйымдарын құрастыру технологымын. Тігін өнеркәсібінде конструктор, технолог, дизайнер болады. Ал технолог конструкторды инженер деп атайды. Мен де сол киім саласының инженерімін десе болады. Затымыз әйел болғандықтан кейде дүкендерде болмайтын арзан матамен халыққа қымбат бағада киім-кешек ұсынғанда ішіміз ашиды. Неге жақсы матаны алып, өзіміз тікпеске, халықтың қалтасы көтеретіндей дүниелер шығармасқа деп ойлаймын. Мен маман болғандықтан әр киімнің және оның сапасын бірден байқап тұрамын. 20-30 емес, 150-200 мыңның немесе одан қымбат киім-кешекті көргенде халықты қанау деп ойлаймын. Қытай мен Түркияға күніміз қарағаны жасырын емес.

Кейде қолыңнан іс келетін болғандықтан тігін шеберханасын ашқың келеді. Орын іздеп көрдім, айына шаршы метрі 5000 теңгеден екен. Кем дегенде ол жерге тігін машинкаң, айнаң, киім ауыстыратын орын, бәрі болуы керек. Ыңғайлы болуы үшін кем дегенде 30 шаршы метр болуы қажет. Сонымен айына 150 мың теңге шыға келеді. Кейде қаланың шетінен, жертөле немесе тұрғын үйлердің жоғарғы қабатынан табылып жатады. Оған кім барады? Бизнесің қалай жүреді? Оның үстіне бакалавр жүйесі болып кетті. Конструктор мамандарды жоғары оқу орындарында төрт жылда оқытып үлгермейді. Киім инженері мамандары тапшы болып тұр. Мүмкін тігуін әркім-ақ тігер, дайын дүниені машинкада. Ал кесіп, пішу оңай емес. Оның үстіне сән әлемі күн емес сағат санап өзгеріп, дамып жатқаны белгілі.

Елімізде осы киім инженері мамандарын 2-3 жоғары оқу орны даярлайды. Бизнесті бастау үшін қаржылай көмек алу мақсатында қорға баспанаңды кепілдікке қою қажет. Оның да несиелік пайызы, белгілі мерзімде бизнесің жүріп кетуі қажет. Ал бизнес бастау оңай емес. Аяққа тұрғанша бірде бар, бірде жоқ. Ал негізі қалталы азаматтар өз бизнесін жүргізіп отыр. Мысалы Динара Сәтжан, Қайрат Нұртас секілді белгілі кісілер адам жалдап, өз брэндтерін шығарады. Сондықтан қолымыздан іс келеді, бірақ қаражатымыз болмағандықтан мұғалім болып қала бергеніміз дұрыс деп ойлаймын. Ал кез-келген әйел заты әдемі болуды, киім киюді, тігуді ұнатады. Қазақ "Бұлақ көрсең көзін аш!" деп бекер айтпаса керек?! Әйел заты тігуге құштар келеді. Бұрын, өзіңіз білесіз, әр үйде қол тігін машинкасы болған. Апа-әжелеріміз ертеде киім тігіп киді емес пе? Жалпы отбасының киімін тігу мойындарында болды. Сондықтан іспен айналысам деген еліміздің әр тұрғынына жағдай жасалса дұрыс болар еді!

Құрметті құрылысшы, Астана қаласының тұрғыны Серік Әбдірахымов:

Қазір бәрі удай қымбат. Алланың берген балапандары бар. Солар ешнәрседен кем болмасын деп ойлайсың. Қазіргі киім сапасы көңіл көншітеді десем өтірік болар?! Әрине, қымбатын алсаң біраз киіс береді. Ал, "Арзанның сорпасы татымайды!" деді қазақ. Бізде неге сапалы киімдер шығарылмасқа? Неге шетел киімдеріне қызығамыз? Отандық өнімдер қайда? Екі жасар балаң киімнің арзан-қымбаты, қаржысы дегенді түсінбейді. Ол тұрмақ мен мынадай бір қызық әңгіме естідім. Бір таныстарымыз қызының мектеп бітіру кешіне және көйлегіне банктен несие алыпты. Мынау енді сұмдық! 5-6 сағаттық кешке бола несие алу деген... Сондықтан отандық өнімдерге, жалпы отандастарымыздың кәсіпкерлігіне жағдай жасалса, халыққа сәлде болса жеңіл болар еді!

Астана қаласы "№78 мектеп-гимназия" басшысы, Жанар Өмірханқызы Жұмабекова:

Біз бала кезімізде баладан-балаға қалатындай "Жетісу аяқ киім фабрикасының" былғары аяқ киімімен өстік. Қанша қар, су кешіп жүрсең де түк болмайтын. "Шымкент-Восход" фабрикасының костюм шалбары қандай сапалы еді?! Қазақ – тойшыл қауым. Құдалық, той томалақта сол "Восход" киімдері десе үлкен мәртебе болушы еді... Қазір сол кездегі өзімізден шыққан дүниелерді қайта қолға алса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Әрине, үкімет тарапынан бақылау, қолдау және ең бастысы отандық өнімдерге керемет жарнама керек! Мына көршілес Қырғыз елі секілді жеңіл өнеркәсіпті дамыту керек. Шикізат бізде жетеді. Өзіңіз білесіз, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде отандық аяқ киім мен костюм киетінін айтып қалды. Бұл жақсы бастама. Сапалы, бағасы қалта көтеретін және әр затқа қазақ елінің белгісі болатындай бір белгі қойылса, тамаша болар еді?! Мысалы 10% жоғары тап өкілдері, 90% қарапайым халық өз өнімдерімізге бет бұрар еді.

Мен бірде Мағауия Сем­бай­дың "Қара қой, қара қи, қара жүн қазақты мәңгі асырайды" деген ма­қа­ла­сын оқып едім. Қандай әдемі жазылған? Қазақ үшін қойдың жүні киім, төсеніш, баспана бо­лғаны белгілі. Бірде БАҚ-та қоймадағы қой жүні құрттай бастағандықтан, өртеуге мәжбүр болғанын естіп көңілім құлазыды. Бізде отандық өнім міндетті түрде болуы керек. Тәуелсіз елдің өзіндік белгісі, дүниесі болмаса болмайды. Қазір балалар өте нәзік, қит етсе, аллергия деп тұрамыз. Мұның бәрі неше түрлі синтетикалық қоспадан, адамға зиян нәрселерден жасалған дүниенің әсері. Мен мұның бәрін бала оқытып отырған ұстаз ретінде әрі қол астымда Тәуелсіз елдің қаншама ұрпағы өсіп келе жатқандықтан, соларға қарап ойланамын. Сапасыз дүниеден сапалы денсаулық қайдан шықсын деген ой мазалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу