Камала Харрис Трамптың Венесуэлаға қатысты саясатын қатаң сынға алды

452

Бұрынғы вице-президент және Демократиялық партиядан президенттікке үміткер Камала Харрис әлеуметтік желідегі жазбасында Трамптың әрекеттері Американың қауіпсіздігін арттырмайтынын, керісінше аймақтық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Камала Харрис Трамптың Венесуэлаға қатысты саясатын қатаң сынға алды Фото: AP Photo / Stephanie Scarbrough

Ол Венесуэла президенті Николас Мадуроның "қатыгез әрі заңсыз диктатор" екені рас болғанымен, бұл АҚШ-тың қазіргі әрекеттерін ақтамайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл шешім заңсыз әрі ақылға қонымсыз. Біз мұндай сценарийді бұрын да көрдік. Билікті күшпен ауыстыру немесе мұнай үшін жүргізілген соғыстар сырттай күш ретінде көрсетілгенімен, ақыр соңында бейберекеттікке ұласып, оның құнын америкалық отбасылар төлейді", – деп жазды ол.

Камала Харрис америкалықтардың мұндай саясатты қолдамайтынын және жалған уәделерден шаршағанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселе есірткімен күрес немесе демократияны қорғау емес, тікелей экономикалық және саяси мүдделерге байланысты.

"Бұл – мұнай туралы және Дональд Трамптың өзін аймақтық “күшті көшбасшы” ретінде көрсетуге деген ұмтылысы туралы. Егер ол шынымен есірткімен күрес пен демократияны ойласа, сотталған есірткі тасымалдаушыны кешірмес еді және Венесуэланың заңды оппозициясын шеттетпес еді", – деді Харрис.

Сондай-ақ ол Трамп әкімшілігінің нақты құқықтық негізі мен шығу стратегиясы жоқ екенін, бұл жағдай америкалық әскерилердің өміріне қауіп төндіріп, миллиардтаған доллар шығынға әкеліп, тұтас аймақты тұрақсыздандырып отырғанын айтты.

"Президент әскерді қатерге тігіп, орасан қаржы жұмсап отыр, бірақ ел ішінде ешқандай пайда жоқ", – деп қосты ол.

Жазбасының соңында Камала Харрис АҚШ-қа басқа бағыттағы көшбасшылық қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің басты басымдығы жұмыс істейтін отбасылардың шығынын азайту, заң үстемдігін сақтау, одақтастармен қарым-қатынасты нығайту және ең бастысы – америкалықтардың мүддесін бірінші орынға қою болуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу