Камил Шеремета: "Мен оның жоғары деңгейлі боксшы екенін түсіндім"

1573

Поляк боксшысы Камил Шеремета (21-1, 5 КО) орта салмақтағы IBF және IBO чемпионы Геннадий Головкиннен (41-1-1, 36 КО) жеңілген соң моральдық тұрғыдан қиын жаңдайға түскенін мойындады. Ол Sport.interia.pl сайтына берген сұхбатында алған жарақаттары және GGG-мен күресте қалай аман қалуға тырысқандығы туралы айтты.

Камил Шеремета: "Мен оның жоғары деңгейлі боксшы екенін түсіндім"

- Флоридадағы жекпе-жектен кейін өзіңізді қалай сезінесіз?

- Физикалық тұрғыдан жақсы... Бірақ маған моральдық жағынан өте қиын. Әрине, бұл жекпе-жекті бұлай өтеді деп ойламадым.

- Сіз жекпе-жектен кейін ауруханаға түстіңіз бе?

Жекпе-жектен кейін менің кенеттен ұйқым келді. Түнгі сағат бірде мен басымның, құлағымның және көзімнің қатты ауырғанын сезгеннен ояндым. Бірінші раундтың өзінде қарсыласымның саусағы көзіме тиді. Түнде өзімді нашар сезіндім және толықтай негізгі медициналық тексеруден өткім келді. Екі балам бар және мен солар үшін өмір сүремін. Менеджерім Яцек Шелонговский менімен бірге таңғы алтыға дейін ауруханада болды. Дәрігерлер маған ауырсынуды басатын дәрі берді.

- Сараптама барысында қандай да бір жарақат анықталды ма?

- Құлақ қалқаны мен көзімнің зақымданғаны анықталды. Алайда мен Белостокта толықтай сараптамадан қайта өтемін.

- Абыройыңызға нұқсан келді ме?

- Мен оның жоғары деңгейлі боксшы екенін түсіндім. Алайда бұл жекпе-жекті осындай болады деп ойламадым. Головкиннің аңызға айналған күшін сезіну үшін оның соққыларын қабылдадым. Мүмкін бұл таңқаларлық болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ол мені нокаутқа жіберген жоқ. Мені сол жақпен тура ұрды. Ол рингте ақылмен жұдырықтасатын және тактиканы раундтан раундқа ауыстыра алатын керемет боксшы. Оның жекпе-жекті ертерек аяқтағысы келгенін байқадым. Алайда, ол менің орнымнан қайта тұрғаныма таң қалды деп ойлаймын.

- Жетінші раундтан кейін төреші сізге не айтты?

Ол жаныма келіп, менің денсаулығым үшін жекпе-жекті тоқтататынын айтты. Өйткені болашағым бар. Осы тұрғыдан алғанда, бұл дұрыс шешім болды. Себебі құлақ қалқаным жарылып, көзім зақымдалды. Алайда, менің абыройыма нұқсан келді.

- Демек сіз бұл жекпе-жекте мұндай нәтиже болады деп күткен жоқсыз ба?

- Мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Головкинмен салыстырғанда менің бұрынғы қарсыластарым үшінші лигадан еді. Ал қазақстандық боксшы болса жоғары сұрыпты. Бұрын элитаны есептемегенде мен бірінші және екінші лиганың боксшыларымен жекпе-жекті өткізбейтінмін. Алайда, бұл жолы менің басқа амалым қалмады. Егер мен қазір Головкинмен жекпе-жек өткізу туралы ұсынысты қабылдамасам, менде мұндай ұсыныс ешқашан болмауы мүмкін еді. Мен осы жеті раундтан да өткеніме қуаныштымын. Олар маған осы уақытқа дейінгі өткізген барлық жекпе-жектерді қоса есептегеннен де көп нәрсе берді.

- Сіздің жекпе-жекті жалғастырғыңыз келді ме?

- Иә, жекпе-жекті одан әрі жалғастырғым келді. Бірақ төрешінің сөздері маған жетті. Ең әуелі, бұл ең дұрыс шешім болады деген жаттықтырушы Федор Чапинді тыңдадым. Бұл жекпе-жекте жеңіске жетпейтінімді түсіндім. Бесінші раундтан бастап есімнен танып, тек тірі қалуға тырыстым. Мен тек жүрегіммен айқастым... Бірде Майк Тайсон бокс туралы: "Жағыңа соққы тимейінше, бәрі жақсы болады", - деген болатын. Алғаш рет құлағаннан соң менің жоспарым орындалмады.

- Жекпе-жек алдында сіз бірінші қатты соққыдан кейін бәрі ойдағыдай болады деп айттыңыз.

- Мүмкін алғашқы нокдаун онша жаман болмаған шығар. Өйткені мен бірден орнымнан тұрдым. Бірақ одан кейінгілері қатты әсер етті. Төрешінің оны тоқтатқаны жақсы болды. Себебі мені алдағы төрт жыл бокс күтіп тұр деп ойлаймын. Мен берілмеймін. Өзімді ең мықтылармен сынап көргім келеді.

- Сонымен, алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Жыл соңына дейін бокспен айналыспаймын. Мен балаларыммен және жұбайыммен уақыт өткізгім келеді. Менің Эдди Хирнмен жасаған келісім-шартым тағы бір жекпе-жекке кепілдік береді. Британдық промоутер маған тағы бір мүмкіндік беретіндігін айтты. Бұл титулдық жекпе-жек болмайтынын түсінемін. Бірақ, мен премьер-лиганың боксшысымен жұдырықтасқым келеді. Енді белгілі бір деңгейден қайта төмен түскім келмейді.

Естеріңізге сала кетсек, Шеремета Головкиннің IBF белбеуіне міндетті үміткер болған. Ол жекпе-жек барысында төрт рет нокдаунға түсті. Содан кейін жетінші раундтан соң жекпе-жек тоқтатылды. GGG 21-атағын қорғауда рекорд жасап, Бернард Хопкинстің рекордын жаңартты. Ал спорттық мансабындағы алғашқы жеңіліске ұшыраған поляк боксшысы толық қалпына келу үшін белгісіз мерзімге жекпе-жектерден шеттетілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу