Қамшыбек Қоңқабаев: "Басты мақсатым - Олимпиада чемпионы атану"

2659

АҚШ-та өткен оқу-жаттығу жиындарынан оралған Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуін өткізуге дайындалып жатыр.

Қамшыбек Қоңқабаев: "Басты мақсатым - Олимпиада чемпионы атану"

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Коңқабаев ақпан айында үшінші жекпе-жегін өткізуге дайындалып жатыр. Ол құрамамен бірге АҚШ-та өткен оқу-жаттығу жиындарынан кейін елге оралды. Алдағы уақытта ұлттық құраманың капитаны әуесқойлар арасында халықаралық турнирлерге қатысуды жоспарлап отыр.

"АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынымыз үш аптаға созылды. Бұрын білмеген біраз жаңа жаттығуларды үйреніп, шеберлігімізді шыңдадық.  Жалпы жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті. Жаңа фитнес инструктормен жұмыстар істедік. Айта кетерлігі, ол инструкторды арнайы біздің жаттығуларымыз үшін шақыртқан. Оқу жаттығу жиындары жалпы физикалық дайындыққа бағытталған болатын. Жиын барысында дене жаттығуларын, кросс, күштік жаттығуларын да жасадық. Барлық күш соған жұмсалды. Физикалық тұрғыда өз-өзімізді арттыру мақсатында түрлі жаттығулармен дайындығымызды пысықтадық. Жиынның пайдасы көп болды. Осындай оқу жаттығу жиындарының боксшылар үшін тигізер пайдасы зор. Жоспар бойынша, ақпан айының соңында кәсіпқой мансабындағы үшінші жекпе-жегім өтетін болады. Қазіргі уақытта соған дайындаламын. Одан кейін ұлттық құрамамен бірге халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап отырмын. Германия, Испания, Болгария мемлекеттерінде турнирлер өтеді. Қайсысына қатысатынымды бапкерлер уақыты жақындағанда жариялайтын болады. Айта кетерлігі, биылғы маусымдағы бар жұмыс ең басты мақсатым – Олимпиада чемпионы атану үшін жасалады" - деді Қоңқабаев Қазақстан бокс федерациясына берген сұхбатында.

Оқу-жаттығу жиындарына ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Коңқабаевпен бірге Василий Левит, Бекзад Нұрдәулетов, Айболды Дәуренұлы және Зәкір Сафиуллиндер барды.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан құрамасы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына тоғыз лицензия жеңіп алды. Оның ішінде сегізі ерлер санаты бойынша болса, біреуі әйелдер арасында. Ерлер арасында лицензия алғандар: Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Зәкір Сафиуллин (63 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Бекзад Нұрдәулетов (81 келіге дейін), Василий Левит (91-ге дейін) және Қамшыбек Коңқабаев (91 келіден жоғары). Әйелдер арасында жалғыз квотаны 19 жастағы Надежда Рябец (75 келіге дейін) иеленді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу