- Келесі жекпе-жекке дайындығыңыз қалай жүріп жатыр? Пандемия уақытында жаттығу жасау қаншалықты қиын болды?
- Дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Карантин уақытында жаттығу жасағанға да үйренісіп кеттік. Бірақ, әрине залда жаттыққандай болмайды екен.
- Сіздің қарсыласыңыз Иса Ақбербаев тәжірибелі боксшы. Бұған дейін онымен жекпе-жек өткіздіңіз бе?
- Жоқ. Шаршы алаңда мүлде кездескен емеспіз.
- Көптеген жанкүйерлер бұл кездесуге сын көзбен қарады. Олардың айтуынша бір елдің боксшылары өзара жекпе-жек өткізбеуі тиіс дейді. Өзіңіз қалай ойлайсыз?
- Бұл сұрақты менің менеджерім мен промоутеріме қойғаныңыз дұрыс болар. Себебі бұл шешімді солар қабылдады және кәсіпқой бокстағы болашағым үшін дұрыс деп ойлаймын. Мен боксшымын. Сондықтан өз жұмысымды жасаймын. Әрине, жерлес боксшылардың бір-бірімен жұдырықтасқанына қарсымын. Басқа елдің былғары қолғап шеберлері де баршылық. Бірақ, карантинге байланысты шетелдік боксшыларды Қазақстанға шақыру өте қиын.
- Кәсіпқой боксқа ауысу туралы шешімге қалай келдіңіз? Бұған не түрткі болды?
- Карантин себепші болды десем де болады. Неге дейсіз бе? Мысалы әуесқой бокста жаттығу жиындарынан басқа ешбір жарыс өткен жоқ. Алда Олимпиада ойындары өтеді. Бізге жекпе-жектер өткізу керек. Алайда карантинге байланысты барлық турнирлер кейінге қалғандықтан, тәжірибе жинау үшін кәсіпқой рингте бірнеше кездесу өткізуді жөн санадым.
- Яғни, Сіз Токио Олимпиадасына барасыз ба?
- Әрине. Көбі мені дұрыс түсінбеген сияқты. Ең басты мақсатым Олимпиадада алтын жүлде алу. Сол себепті төртжылдықтың басты додасына жақсы дайындықпен бару үшін кәсіпқой боксқа ауыстым. Өздеріңіз білетіндей, Токиоға жолдама алдым. Жарақат болмаса Токиоға міндетті түрде барамын.
Естеріңізге сала кетсек, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қонқабаев 23-тамыз күні Алматы қаласында кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін тәжірибелі қазақстандық боксшы Иса Ақбербаевқа (20-1, 15КО) қарсы өткізеді.
Ермұхамед Мәулен