Қамшыбек Қоңқабаев - Олимпиада ойындарының қола жүлдегері

1712

Бұл қазақстандық спортшылардың Токио Олимпиадасындағы төртінші қола жүлдесі.

Қамшыбек Қоңқабаев - Олимпиада ойындарының қола жүлдегері

Бүгін Токио Олимпиадасында бокстан аса ауыр салмақта шаршы алаңға шыққан 29 жасар Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалдық жекпе-жекте америкалық Ричард Торреспен кездесті. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны бірінші раундта 1: 4 есебімен жеңілді. Екінші раунд та америкалық боксшының пайдасына - 5: 0 есебімен аяқталды. Тіпті Қоңқабаевты қарсыласы нокдаунға жіберді. Ал үшінші раунд қазақстандық боксшының жарақатына байланысты тоқтатылды. Осылайша Торрес Олимпиада ойындарының финалына жолдама алса, Қамшыбек қола жүлдені қанағат тұтты.

Небәрі 22 жасар Торрес АҚШ-тың бокстан ұлттық құрамасының мүшесі, Панамерика ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ Санк-Петербургта жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Енді ол финалда Баходир Жалоловқа қарсы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі үшін таласқа түседі.

Ал өзбек боксшысы Баходир Жалолов британиялық Фрейзер Кларкпен жұдырықтасты. Джалолов жекпе-жектің екінші раундында нокдаунға түсті. Бірақ бұл 4 төрешіге 10: 9 деген баға қоюға кедергі болмады. Үшінші раундта Кларктың жарақатына байланысты төреші  жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша Жалолов 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға шықты.

Айта кетейік, бұл қазақстандық спортшылардың Токио Олимпиадасында иеленген төртінші қола жүлдесі. Бұған дейін Елдос Сметов, Игорь Сон және Зульфия Чиншанло қола жүлдегер атанған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу