Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, ауыр салмақтағы былғары қолғап шебері Қамшыбек Коңқабаев (1-0, 1 KO) кәсіпқой рингтегі екінші жекпе-жегін 18-желтоқсанда өткізеді. BoxRec.com сайтының хабарлауынша, спортшы Алматыдағы МТК Қазақстан промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін бокс кешінің қатысушыларының бірі. Ол рингке украиналық Сергей Радченкоға қарсы шығады (7-6, 2 КО). Бірінші ауыр салмақтағы жекпе-жек он раундқа есептелген.
Естеріңізге сала кетсек, Коңкабаевтың кәсіпқой бокстағы дебюті 23-тамызда оңтүстік астанада өтті. Жекпе-жекте ол Иса Ақбербаевты (20-2, 15 КО) екінші раундта нокаутқа жіберген болатын. Ал соңғы рет Қамшыбек Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында 91 келіден жоғары салмақта алтын медль иеленіп, мықтылығын тағы бір дәлелдеді.
Сонынмен қатар әлі бір де бір рет жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы, WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы екінші жеңіл салмақтағы Әлем чемпионы Сұлтан Заурбектің (9-0, 7 КО) рингке қашан шығатыны белгілі болды. Сұлтанның оныншы кәсіби жекпе-жегі Алматыда 18-желтоқсанда өтеді. 24 жастағы қазақстандықтың қарсыласы 22 жастағы Украинаның өкілі Владислав Мельник (12-2, 17 КО). Кездесу форматы - сегіз раунд.
11-қарашада Сұлтан Заурбек Саут Киркбиде (Англия) жергілікті боксшы Джефф Офоримен (10-3-1, 3 КО) жекпе-жек өткізуді жоспарлаған болатын. Бірақ британдықтың жарақатына байланысты кездесу өтпеді. Қазіргі уақытта Заурбек Англияда бапкері Анхель Фернандестің басшылығымен, ауыр салмақтағы Әлем чемпионы Энтони Джошуамен бір жаттығу залында жаттығуда. Жерлесіміз соңғы жекпе-жегінде былтыр 16-желтоқсанда қытайлық Лешан Лиді (16-4-2, 9 КО) техникалық нокаутпен жеңгеннен кейін шаршы алаңға шыққан жоқ.
Бокс кеші Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне орай МТК Қазақстан промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен 18-желтоқсанға жоспарланып отыр және коронавирус пандемиясына байланысты көрермендерсіз өтеді.
Ермұхамед Мәулен