Елде қамыс пен ауыл шаруашылығы қалдықтарынан жаңа қаптама жасау қолға алынды

187

Негізгі мақсат – пластик қалдықтарының қоршаған ортаға зиянын азайту үшін биологиялық ыдырайтын полимерлі композиттерді жасау.

Елде қамыс пен ауыл шаруашылығы қалдықтарынан жаңа қаптама жасау қолға алынды Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Utebayev University ғалымдары қоршаған ортаны қорғау және өндіріс тиімділігін арттыру бағытындағы жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Университет базасында су және ауыл шаруашылығы қалдықтарынан полипропилен негізіндегі экологиялық таза қаптаманы зерттеу және әзірлеу мақсатында халықаралық ғылыми зертхана ашылды.

Жоба 2025-2027 жылдарға арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылады. 

"Зерттеу барысында ғалымдар жергілікті ресурстарды – қамыс пен ауыл шаруашылығы қалдықтарын – тиімді пайдалануға басымдық беріп отыр. Арнайы құрылғыларда өңделген шикізаттар полипропилен құрылымына енгізіледі, нәтижесінде қаптаманың ыдырау мерзімі қысқарып, өндіріс шығындары азаяды", – делінген хабарламада.

Жоба аясында зерттеу жұмыстары Түркиядағы Karabuk University профессоры Yasin Kanbur-мен бірлесіп жүзеге асырылады. Университеттің Н.Нәдіров атындағы Мұнайхимия инженериясы және экология институтының деканы Асылбек Канбетовтің айтуынша, бастама ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ұжымның жоғары ғылыми әлеуетін көрсетеді.

Қазіргі таңда зертхана заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, материалдардың қасиеттері сканерлеуші электронды микроскопия, термиялық талдау және ультракүлгін сәулеге төзімділік тестілеу әдістері арқылы тексеріліп келеді. Болашақта жаңа экоқаптамаларды тамақ өнеркәсібінде, логистика, құрылыс және медицина салаларында қолдану жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу