Канада хоккей федерациясы Карьяла кубогына (финн. – Karjala-turnaus) қатысатын құрама командасының сапын жариялады. Олардың арасында "Барыс" хоккей клубының екі шабуылшысы бар. Атап айтқанда, Мэтт Фрэттин мен Линден Вей өз отандарының намысын қорғау мүмкіндігіне ие болып отыр...
Екеуі де "Барыс" сапына биылғы маусымның басында келген. Алайда, қамшының сабындай қысқа уақыттың ішінде Қазақстан клубының үздік ойыншыларына айналып, бірінші бестігінде нәтижелі ойын өрнегін көрсете бастады. Мэтт 24 ойында 24 ұпай (10 гол + 14 пас) еншілесе, Линден 26 матчта 32 ұпай (5+27) жинады. Екеуі де Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) мамандарын тәнті қылып үлгерді.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары Канаданың бірнеше ойыншысы Қазақстан азаматтығын алып, біздің елдің намысын қорғап жүр. Бұл ретте Кевин Даллмэн, Найджел Доус, Дастин Бойд сынды тәжірибелі хоккейшілерді атап өтуге болады. Америка хоккейшісі Брэндон Боченски де әлем чемпионатында Қазақ елінің намысын жыртқан. Бірақ өткен маусымның аяғында хоккей ойнағанды қойып, отанына кетті.
Жоғарыда аталған Канаданың үш хоккейшісіне олардың отандастары Мартен Сен-Пьерді де қосуға болады. Ол да Қазақстан азаматтығын алды. Енді тек Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының ресми рұқсатын тосып жүр. Сондай-ақ биыл да "Барыс" сапына "Үйеңкі жапырақтылар" елінің бірнеше хоккейшісі алынды. Болашақта олардың да біздің елдің намысын қорғаулары тиіс болатын. Тек қорғаушы Даррен Диц әлі де Канада құрамасына іліккенді армандайтындығын, әрі үмітін үзбейтіндігін бүкпесіз айтқан еді.
Енді міне, Канада құрамасы өз сапына "Барыстың" екі сұрмергенін шақыртып отыр. Бұларды Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) туы астындағы турнирде ойнатуды ғана көздеп отырулары әбден мүмкін. Сонда олар бірнеше жылға дейін біздің елдің намысын қорғай алмайтын болады...
Жалпы, Канада құрамасы "Барыстан" ғана емес, КХЛ-дың басқа клубтарынан да, барлығы 17 хоккейші шақыртыпты. Қытайдың "Куньлунь" командасынан төрт ойыншы осы тізімге іліккен. Еуропада ойнап жүрген жігіттерін де ұмытпаған. Соған қарағанда, басқа елдердің ұлттық құрамалары сапында өз ойыншыларының көбейіп кеткенін қаламайтын сияқты... Бірақ кесіп айта алмаймыз, негізінен КХЛ-да ойнайтын ойыншыларын жинап отырғандарына қарап айтамыз. Әйтпесе, өздерінде хоккейші аз емес. Деңгейі жоғары лигалары да, әлеуеті зор студенттері де баршылық.
Ал Карьяла кубогы 8-12 қараша күндері Финляндияда өтеді. Негізі бұл турнир жыл сайынғы, дәстүрлі Еуротур додасының бірінші кезеңі болып саналады. Канада құрамасы онда Швейцария, Швеция және Финляндия құрамаларымен кездеседі. Енді осы мұзайдын додасына шақыртылған "Үйеңкі жапырақтылар" елінің құрамасымен таныс болыңыздар:
қақпашылар – Джастин Питерс ("Кёльн", Германия), Бен Скривенс ("Салават Юлаев", Ресей);
қорғаушылар – Крис Ли ("Металлург" Мг, Ресей), Мэт Робинсон (ЦСКА, Ресей), Симон Депрё ("Слован", Словакия), Джесси Блэкер, Джеффри Кинрейд (екеуі де – "Куньлунь Ред Стар", Қытай), Чед Геноуэй ("Лада", Ресей), Карл Столлери ("Динамо" Рига, Латвия), Максим Норо ("Берн", Швейцария), Зак Уайтклауд (Университет Бемиджи, WCHA);
шабуылшылар – Линден Вей, Мэтт Фрэттин (екеуі де – "Барыс"), Войтек Вольски, Жильбер Брюле (екеуі де – "Куньлунь Ред Стар", Қытай), Роб Клинкхаммер ("Ак Барс", Ресей), Мэтт Эллисон ("Металлург" Мг, Ресей), Брэндон Козун ("Локомотив", Ресей), Эрик О'Делл ("Сочи", Ресей), Куинтон Хауден ("Динамо" Минск, Беларусь), Мэйсон Рэймонд, Эндрю Эббетт (екеуі де – "Берн", Швейцария), Дерек Рой ("Линчёпинг", Швеция), Рене Бурк ("Юргорден", Швеция), Кристиан Томас ("Уилкс-Бэрре/Скрэнтон Пингвинз", АХЛ), Дилан Сикура (Солтүстік-шығыс университеті, HE).
Маруан Түсіп