Канада Украинаға көмекті арттырып, Ресейге жаңа санкция салды

138

Оттава Киевке жан-жақты қолдау көрсетуге бейілді.

Канада Украинаға көмекті арттырып, Ресейге жаңа санкция салды Фото: yahoo.com

Канада Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізіп, Украинаға қосымша көмек пакетін бөлетінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Канада үкіметінің хабарлауынша, санкциялық тізімге тағы 21 жеке тұлға, 53 ұйым мен Ресейдің "көлеңкелі флотына" тиесілі 100 кеме енгізіледі. Сонымен қатар Оттава ресейлік мұнайға белгіленген баға шегін бір баррель үшін 47,60 доллардан 44,10 долларға дейін түсірді. Бұл шаралар Ресейдің экономикалық шығынын одан әрі арттыратыны айтылған. Санкция Ресейдің энергия ресурстарын экспорттаудан түсетін табысын, қаржы секторын, соның ішінде криптовалюта инфрақұрылымын шектейді. Бұдан басқа шектеу әскери әлеуетке, оның ішінде жасанды интеллект экожүйесі мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру мүмкіндігіне де әсер етеді.

Елдің қорғаныс министрі Дэвид Макгинти Киевке 300 млн канадалық доллар көлеміндегі жаңа әскери көмек берілетінін айтты. Қаражат 2026-2027 қаржы жылдарына арналған ауқымды пакет аясында бағытталады. Бұл қаражаттың дені 2025 жылғы қарашада қабылданған бюджетте көзделген. Сонымен қатар Канада 400-ден астам брондалған техника жібереді. Украин сарбаздарын даярлауға арналған ұзақ мерзімді бағдарлама қайта басталады. Сыртқы істер министрі Анита Ананд Украинаның энергетикасын қолдау қорына қосымша 20 млн доллар бөлінгенін жеткізді.

Жалпы алғанда, Канада билігі Украинаға жан-жақты қолдау білдіретінін растап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу