Канададағы "Montreal Casino" ойын-сауық кешенінде бокс кеші өтіп, қазақтың екі жігіті жеңіске жетті. Шаршы алаңға әуелі Нұрзат Сабыров шығып, Аргентина боксшысы Сезар Эрнан Рейносадан (15-11-4, 7 KO) техникалық нокаутпен басым түсті. Сегіз раундтық жекпе-жек жетіншісінде тоқтатылып, қазақ боксшысының қолы көтерілді.
Нұрзат 32 жастағы қарсыласының көзіне көк шыбын үймелетті. Алтыншы раундтта нокдаунға түсіріп, басын қызыл жоса қан қылды. Ал жетінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, таяқ жеген Рейносаны арашалап алды. Сөйтіп, Сабыров тоғызыншы жеңісіне қол жеткізіп (9-0, 8 KO), сегізінші рет нокаутпен үстем түсті. Ал Аргентина боксшысы 12-ші рет ұтылды.
Рингке бұдан кейін Батыр Жүкембаев шығып, Мексика боксшысы Хильберто Месамен (10-5-1, 6 КО) айқасты. Он раундтық жекпе-жек бастан-аяқ тартысты өтіп, қазақ боксшысы өзінің шеберлігі басым екендігін дәлелдей білді. Төрешілер жеңісті бірауыздан Батыр бауырымызға берді.
Хильбертоның бойы Батырдан биіктеу, яғни қолдары да ұзын екен. Әйтсе де, Жүкембаев өз соққыларын өткізе білді. Негізінен, жұдырығын діттеген жеріне дәл тигізіп отыруға тырысты. Сөйтіп, кәсіпқой бокс рингінде 15-ші рет жеңіске жетті (15-0, 12 KO). Канадада деңгейі өзінен жоғары боксшы жоқ екендігін дәлелдеп-ақ жүр.
Негізі, Батыр Хильбертомен емес, оның отандасы Карлос Хименеспен айқасуы керек болатын. Бірақ ол жекпе-жекке екі күн қалғанда, жолын тауып жалтарып кетті. Айтпақшы, Хименес бұған дейін Данияр Елеусіновпен шықпақ болып, уәдесінен тайқып шыға берген. Мексика жігіттері осылай қазақтың күрзі жұдырықты қырандарынан қашқақтап жүргендей.
Маруан Түсіп