Канададағы сәтсіздік

1537

Токио Олимпиадасынан кейін қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерде сынға түсуде. Александр Бублик Торонто Мастер жарысына, ал Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Монреаль қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турниріне қатысты. 3 сетке созылған тартысты кездесулерде үш теннисшіміз де жекелей сында ресейліктерден ұтылып қалды.

Канададағы сәтсіздік

Дүниежүзілік рейтингте 39-орында тұрған Александр Бублик Торонто мастерс турнирінің екінші айналымында әлемнің 2-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен күш сынасты. Тартысты өткен матчта қазақстандық теннисші 6:4, 3:6, 3:6 есебімен қарсыласына жол берді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Екі сағатқа созылған бәсекеде Бублик 14 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Медведевтің есебінде - 13 эйс, 2 брейк. Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуінде әлемнің 26-ракеткасы, ұлыбританиялық Даниэль Эвансты 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын. Жүлде қоры 2,8 млн АҚШ долларынан асатын Торонто жарысы 15 тамызда мәресіне жетеді.

Бублик үшін жекелей сайыстар аяқталғанымен, ол аталған турнирде жұптық сында да өнер көрсетуде. Бүгін, 12-тамыз чилилік Кристиан Гаринмен дуэтте Бублик турнирдің 1/8 финалына шықты. Олар алғашқы айналымда Филипп Полашек (Словакия) / Джон Пирс (Ұлыбритания) жұбын 4:6, 7:5, 11:13 есебімен жеңді. Бублик пен Гарин 9 мәрте допты ойынға қосу барысында қателесіп, бес брейк-пойнттың екеуін сәтті орындады.

Ал Монреаль қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде де қазақстандық теннисшілердің қадамы сәтті бола қойған жоқ. Еліміздің бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингте 52-сатыдағы ресейлік Людмила Самсоновамен сынға түсті. Бұл екі теннисшінің алғашқы кездесуі болатын. Осы доданың 12-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина 4:6, 7:5, 4:6 есебімен қарсыласына жеңіліп қалды. 2 сағат 8 минутқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші 16 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жаза алды. Қарсыласы 7 эйске қоса бір брейкті артық жасады.

Әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева өзінен рейтингте үш саты жоғары тұрған тағы бір ресейлік Вероника Кудерметовадан 6:1, 2:6, 4:6 есебімен ұтылып қалды. 2 сағатқа созылған бәсекеде үшінші сетте қазақстандық спортшы 3:0 есебімен алға шыққанымен, басымдылықты сақтай алмады. Жүлде қоры 1,8 млн АҚШ долларынан асатын Монреаль додасы да 15 тамызда аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу