Қанат Ислам техникалық нокаутпен жеңді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2592

"ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған бокс кешінде қазақ жігіттері қарсылас шақ келтірмеді.

Қанат Ислам техникалық нокаутпен жеңді

"Сарыарқа" велотрегінде өткен бокс кеші Мейірім Нұрсұлтанов (3-0, 2 КО) және Исмаэль Буэно (15-6-0, 10 КО) арасындағы жекпе-жекпен басталды. Мейірім Бразилиядан келген қарсыласын төпелеп, 50 секундтың ішінде нокаутқа түсірді. Ол 38 жастағы қарсыласын есінен тандырып, рингтен ұшырып жіберді.

Одан кейін шаршы алаңға АҚШ азаматы, Нью-Йорк полицейі, Қазақстан тумасы Димаш Ниязов (11-0-3, 5 КО) шықты. Ол Бразилия боксшысы Эдуардо Перейра дос Рейеспен (22-4-0, 18 КО) жұдырық түйістірді. Бұл жекпе-жек әу баста бекітілгендей, алты раундқа созылып, төрешілер шешімімен Америкадағы қандасымыз жеңді.

Үшінші жұпта Айдос Ербосынұлы (6-0, 5КО) және Аргентина азаматы Джонатон Джеронимо Барбадильо (17-4-1, 14 КО) жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек екі-ақ минутқа созылды. Айдос қарсыласын соққының астына алып, екі рет нокдаунға түсірді. Рингті айнала қашқан қарсыласына қайта ұмтылғаны сол еді, Барбадильоның командасы ортаға орамал лақтырып, жеңілгендерін мойындады.

Төртінші жұпта Али Ахмедов (8-0, 6 КО) және АҚШ боксшысы Джастин Томас (18-2-0, 7 КО) айқасты. Соққысы жойқын Али қарсыласының беті-аузын қан-жоса қылды. Екі рет нокдаунға түсірді. Бірақ мойындауымыз керек, Джастин де жаны сірі жігіт екен. Бәріне төзді. Алайда сегізінші, соңғы раундта Али Ахмедовтің ұтқыр шабуылына шыдай алмай, тағы да есеңгіреп қалды. Төреші жекпе-жекті тоқтатты. Нокаут!

Бұлардан кейінгі Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0, 1 КО) және Алекс Сандро Дуартэ (Бразилия, 13-1-1, 10 КО) арасындағы жекпе-жек ұзаққа созылмады. Нұрсұлтан қарсыласын төмпештеп, нокдаунға жіберді. Бірінші раундтың соңына қарай нокаутқа түсіріп, көрермендерді ырза қылды.

Алтыншы жекпе-жек. Алыптар айқасы. Рингте – Руслан Мырсатаев (3-0, 3 КО) және Андреас Матиас Афранли (Аргентина, 5-0, 5 КО). Русланның қарсыласы үш раунд қана шыдады. Бұдан кейін Руслан оны төрт рет есеңгіретті. Ақырында төреші жекпе-жекті тоқтатып, техникалық нокаут жарилады.    

Жанкүйерлер келесі жекпе-жектен де нокаут күткен. Өйткені шаршы алаңға соққысы қуатты Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1 КО) шыққан. Оның қарсыласы жасы 40-қа келген Жильберто Перейра дос Сантос (Бразилия, 14-5-0, 10 КО) еді. Алайда ардагер боксшының тәжірибесі мол екен. Алты раундтық жекпе-жекте құлап қалмай, шыдады. Таяқ жесе де, төзіп бақты. Әйтсе де Жәнібек күмәнсіз жеңді.

Сегізінші жекпе-жек те соңына дейін созылды. Жанқош Тұраров (21-0, 15 КО) және Бруно Леонардо Ромэй (21-4-0, 18 КО) арасындағы айқас та қызықты болды. Аргентина боксшысы рингке қазақтың оюлы шапанымен шықты. 10 раундтық жекпе-жекте Жанқош басымдық танытты. Бірақ тәжірибелі қарсыласын құлата алмады. Қолын жарақаттап алған екен, соның да кесірі тигендей. Төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді.

Ең соңынан осы кештің негізі тұлғалары айқасты. Шаршы алаңға Қанат Ислам (24-0, 19 КО) және Брэндон Кук (Канада, 18-0, 11 КО) шықты. Бұл жекпе-жекте WBO NABO және WBA Inter-Continental тұжырымдарының чемпиондық атақтары сарапқа салынған болатын.

Бірінші раундтан бастап Қанат ширақ қимылдады. Қарсыласы аракідік қарсы соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отырды. Бірақ Қанат қарқынын үдете түсіп, оны соққының астына алды. Үшінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Бесінші раундта да бір рет есеңгіретті. Бұдан кейін Кук қарсы шабуыл ұйымдастырып, аяқ астынан Қанаттың қабағы жарылып қалды. Содан Брэндонның аңдығаны да, көздегені де сол болды. Алайда тоғызыншы раунда Қанат қарсыласын тағы да есеңгіретіп, төреші жекпе-жекті тоқтатты. Техникалық нокаут. Қанат Ислам жеңіске жетті. Бірінші орта салмақта екі белбеуді иеленді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу