Қанат Сахариянов бұған дейін Atameken Business-дың бақылау кеңесінің төрағасы және "Атамекен" ҚР ҰКП-ның қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарды.
Қанат Сахариянов әр жылдары "Қазмедиа Орталығы" басқарушы компаниясы" ЖШС бас директоры, "КТК" телеканалының бас директоры, сондай-ақ "Хабар" Агенттігі" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Atameken Business телеарнасының дамуындағы маңызды қадамның бірі – 2018 жылдың қаңтарында "Астана" халықаралық қаржы орталығымен (АХҚО) және Bloomberg компаниясымен жасалған үшжақты келісімнің бекітілуі. Еске сала кетейік, Bloomberg – тәулік бойы жұмыс істейтін халықаралық телеарнасы бар, іскерлік және қаржылық ақпараттар мен жаңалықтарды тарататын әлемдегі көшбасшы компаниялардың бірі. Осылайша, Atameken Business АХҚО-ның ресми ақпараттық серіктесі атанып, Bloomberg компаниясымен тікелей ақпарат және кәсіби тұрғыдан тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Atameken Business – бизнес жаңалықтарын тарататын қазақстандық мультимедиялық тұңғыш арна. Агенттік интернет және телеарна саласындағы негізгі контенттік платформаларда ұсынылған. Телеарна бір уақытта Астана және Алматы қалаларынан ақпарат таратады. Қазақстанның, сондай-ақ, ЕАЭО, ТМД және әлемнің бизнес саласындағы өзекті ақпараттарын ұсынады. Студия қонақтары өз саласының жетекші мамандары – бизнесмендер, кәсіпорын басшылары, мемлекеттік билік пен қоғамдық ұйым өкілдері. Atameken Business телеарнасы сараптамалық бағдарламаларды, нарықтың беталысы мен дамуына қатысты болжамдарды, мамандардың түсініктемесі мен сараптамалық пікірлерін көпшілік назарына ұсынады.