Қандай адам құрбан шалған болып есептелмейді

11025

Shopan atа ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев биыл құрбан шалмау бастамасын көтеріп, мал алуға жұмсалатын қаражатты қуаңшылықтан зардап шегіп жатқан Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарының шаруаларына беруді ұсынды. 

Қандай адам құрбан шалған болып есептелмейді

Ол өткен жылғы пандемия кезінде мұсылмандардың 5 парызының бірі – қажылық ғибадаттың өзі тоқтатылғанына назар аударып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын құрбан шалмау туралы пәтуа шығаруға шақырды.  

Бұлай істеуге  бола ма, болмай ма? Көптің көкейіндегі сұраққа жауап алу үшін inbusiness.kz тілшісі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлының пікірін жазып алды.

"Құрбан айтта жағдайы бар адам құрбан шалуға міндетті. Құрбандық шалудың шарты қой, ешкі, сиыр, түйе сияқты малды бауыздап, қан шығару арқылы амалға асады. Құрбандыққа шалынатын малды сатып алуға жұмсалатын қаражатты садақа ретінде үлестіру құрбандық орнына жүрмейді. Осылай жасаған адам құрбан шалған болып есептелмейді", – деді Медет Құрмашұлы. 

 
Бұдан кейін ол құрбан шалуға тапсырыс беру мен оны атқаруды қашықтан жүзеге асыруға қатысты пікір білдірді.

"Біреуді өкіл ету арқылы бір істі атқаруға рұқсат етіледі. Соның ішінде құрбан шалуды да біреуге тапсырыс беру арқылы орындатуға болады. Құрбан шалудың бұл түрі дұрыс болып саналады. Бұл шариғатымызда бар нәрсе", – деді Медет Құрмашұлы. 

 
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі дүниеден өткен адамдардың атынан да құрбандық шалуға болатынын айтты.  

"Өмірден озған адамның атынан да садақа беріледі. Құрбандық шалу да сол сияқты. Құрбандыққа шалынған малдың сауабын қайтыс болған адамға бағыштаса, шариғатта еш оқасы жоқ. Нақтылай кететін бір мәселе, құрбан шалған адам дүниеден өткен адамның атынан құрбан шалуға ниет қылса, құрбан шалған кезде оның атын айтуы керек. Сонда құрбандықтың сауабы аты аталған кісіге жазылады. Бұл туралы пайғамбарымыздың хадисінде келтірілген. Онда пайғамбарымыздың екі қошқарды әкеліп, оның бірін өзінің атынан, екіншісін өзінің үмметі мен құрбандық шала алмаған кісілердің атынан сойғаны жайында руаят бар", – деді Медет Құрмашұлы.

Маманның мәлімдеуінше, құрбандыққа шалынатын малды шариғат шартымен қинамай сою қажет. 

"Шариғатта мал союдың заңдылығы бар. Сиыр, қой тамағынан бауыздалып, түйе көкірек тұсынан сойылады. Малды жатқызып, құбылаға қаратып, таза жерде сою қажет. Пайғамбарымыз малдың алдында пышақты қайрамасын деген. Бір малдың алдында екінші малды соймаған абзал. Құрбан шалынған кезде дұға оқылып, Алладан құрбандықтың қабыл болуын тілеу керек", – деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі. 

 
Оның сөзінше, құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөлген дұрыс. 

"Құрбан шалған кісі еттің бір бөлігін мұқтаж жандарға, бір бөлігін туыс-туғандарына беріп, қалған бөлігін отбасына қалдыра алады", – деді Медет Құрмашұлы.

Бұған дейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы баға ұсынуға шақырған болатын. Осыны алға тартып, құрбан айт күндері қой сатуды жоспарлап отырған жаңарақалық Серікбай Әлменбетпен тілдестік. 

"Жылда құрбан айтта құрбандыққа шалынатын мал бағасы талқыланады. Халықтың басым бөлігі мал қымбат, сатушылар бағаны қымбаттатып жіберді деген әңгіме айтады. Шынымды айтсам, бұған етіміз үйреніп алды. Шындығында, қымбат малды – арзанға, арзан малды – қымбатқа сату мүмкін емес. Біз құрбандыққа шалынатын мал бағасын нарықтағы бағаға қарап қоямыз. Біздің де шығынымыз, асырап отырған отбасымыз бар. Құрбандыққа шалынатын қойды, сиырды, түйені бірнеше жыл бағамыз. Оны өткізу үшін бас қалаға тасымалдаймыз. Жем-шөп пен жол шығынын өз қалтамыздан төлейміз. Осылай бола тұра, малды қалай арзанға сатамыз? Бұл ақылға қонымсыз ғой. Біз малды арзанға да, қымбатқа да сатпаймыз. Бағаны малдың күйіне қарай белгілейміз", – деді ол. 

Серікбай Әлменбет бас мүфтидің ұсынысын қолдайтынын айтты. 

"Мен де мұсылманмын, мен де құрбан айтқа ерекше ықыласпен қараймын. Дегенмен халықтың бізді жыл сайын жазғыратыны көңіліме тиеді. Мысалы, өз басым жыл сайын 5 қойды әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін беремін. 5 қойды жарты бағасына сатамын. Өзім де құрбандық шаламын. Мал шаруашылығы біздің негізгі кәсібіміз. Бізде мал өсіріп, мал сатудан басқа табыс көзі жоқ. Жоғарыда айттым, құрбан айт кезінде мал бағасын шарықтатпаймын. Өзіме де, өзгеге де салмақ салмайтын бағамен сатамын. Биыл қойдың бағасы 65 мыңнан басталып 100 мың теңгеден асады. Сиырдың бағасы 420-450 мың шамасында болады", – деді Серікбай Әлменбет.

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу