Қандастар мен оңтүстік өңір тұрғындарына жалдамалы үйлер дайын

4043

Биыл Павлодар облысы үш мыңнан астам адамды қабылдай алады. 

Қандастар мен оңтүстік өңір тұрғындарына жалдамалы үйлер дайын

"Еңбек" бағдарламасының бір бағыты – жұмыс күші көп, бірақ жұмыс орны аз облыс тұрғындарын солтүстікке көшіру. Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыс Павлодар облысында бір ізге қойылды. Айталық, былтыр карантин шаралары енгізіліп, ел ішінде қатынау қиындық тудырғанмен, аймаққа бөлінген квота толығымен орындалды. Оңтүстік өңірлерде тұрған 1546 адам мен 555 қандас павлодарлық атанды. Яғни, 452 отбасы жергілікті тұрғындардың қатарын толықтырды. Жыл соңына қарай тек екі отбасы климатқа байланысты қайта көшіп кеткен екен. Ал еңбекке қабілетті 919 адам жұмысқа орналастырылды. Олардың дені – мұғалімдер, дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлер, механизаторлар мен тракторшылар. Сондай-ақ, 50-ден астам адам бизнес бастау үшін мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несиелер алды.

Бұл ретте қоныс аударушылардың барлығы баспанамен қамтылатынын атап өту керек. Оңтүстікте пәтерден пәтерге көшіп, үй жалдап, жұмыссыз жүрген немесе төмен жалақы алатын азаматтар солтүстікте баспанамен де, қызметпен де қамтылады. Тіпті, былтыр алғаш рет қоныстанушылар үшін арнайы үйлер салына бастады.

Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, өткен жылы 307 пәтер сатып алынып, олардың 75-іне көшіп келгендер жайғасты. Биыл тағы 232 пәтер қарастырылмақ. Оларды ай сайынғы жалдау ақысы 10-12 мың теңгеден аспайды.

"Жаңа үйлерде орталықтандырылған инженерлік желілердің барлығы бар. Қоныстанушылар бұл үйлерге кіріп, ай сайынғы ақыны уақытылы төлесе болғаны. Ауылдарда тұруды қалайтындар үшін де тиісті жағдай жасалады", - дейді Альмира Дисюпова.

Оған қоса, биыл қоныстанушы отбасылардың әр мүшесіне төленетін бірреттік субсидия көлемі екі есеге ұлғайды. Бұрын әр адамға 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қолдау қаржы берілсе, биылдан бастап бұл сома 70 АЕК жетеді.

Осы жылы бөлінген квотаға сәйкес, Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден 2600 адам мен 500 қандас келуі тиіс. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда Алматы, Түркістан облыстарының тұрғындары павлодарлық атануға бейілді келеді.

Ажар Дәулетова

 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу