Кандидаттардың шешуші апта қарсаңындағы қарқыны

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3057

Тура бір аптадан кейін қазақстандықтар тарихи таңдау жасайды.

Кандидаттардың шешуші апта қарсаңындағы қарқыны Фото: pavlodar.gov.kz

9 маусым күні өтетін Қазақстан Президентінің сайлауы нәтижесінде елімізде Елбасыдан кейін халық сайлаған Мемлекет басшысының кім болатыны анықталмақ.

Іnbusiness.kz маңызды меже қарсаңында президенттік орынтақтан үміткерлердің осы аптаны қалай өткізгеніне және қандай шаралармен есте қалғанына шолуды ұсынады.

Шар ұшыру және мотожарыс

ҚКХП атынан үміткер Жамбыл Ахметбеков және оның штабының мүшелері осы аптада да халық ортасынан табылуға тырысты.

1 маусымда  Талдықорғанда Ж.Ахметбековтің және "Халық коммунистері" фракциясының депутаты М.Магеррамовтың қатысуымен аспанға қызыл шар ұшыру акциясы өтті.

"Әлемде бала мен балалық шақтан асқан байлық жоқ. Бұл мереке жас ұрпақтың толыққанды және үйлесімді дамуына жауапты біздер үшін өте маңызды. Балалар күн сайын өсіп, дамып, бізді жарқын болашаққа жетелесін. Биліктің, қоғамның және барлық адамдардың басты мақсаты – саналы, тәртіпті, білімді ұрпақ тәрбиелеу", – деді жұртшылыққа қайырылған коммунистер үміткері.

Ал 31 мамырда Алматы облысындағы Ескелді ауданының Текелі қаласында Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі С.Биғарова №5 мектеп-лицейінің педагогикалық ұжымымен кездесті. Басқосу барысында С.Биғарова ұстаздар қауымына өз партиясының қызметі мен сайлауалды тұғырнаманы таныстырды. Оның пікірінше, эгоцентристік индивидуализм – жаңа батыстық дәстүр ізбасарларының мінез-құлқына тән. Ол көпэтносты Қазақстан халқының бірегей мәдениетіне, біздің ділімізге, моральдық межемізге жат. Пікірталас кезінде негізгі әңгіме мұғалім мәртебесі төңірегінде өрбіді.

30 мамырда Атырау облыстық сайлауалды штабы президенттікке үміткер Ж.Ахметбековтың кандидатурасын қолдау мақсатында облыстық комитет белсенділерінің қатысуымен мотожарыс ұйымдастырды. "Жеңіс саябағынан" бастау алған мотожарыста партия нышанымен және үміткердің баннерімен безендірілген бірнеше автокөлік қаланың орталық көшелерінен жүріп өтті. 

Қайық жарыс және дарынды жастар

"Ақ жол" партиясынан үміткер Дания Еспаева және оның штаб мүшелері бизнесті мазалаған мәселелерді көтеруге ұмтылды.

1 маусымда Дания Еспаеваның штабы балаларды қорғау күніне орай Орал қаласында, "Мәдениет және демалыс паркінде" байдарка мен каноэны есу бойынша біріншілік өткізді. Жарыс 200 және 500 метр қашықтықтар бойынша ұйымдастырылды.

30 мамырда аймақтық штаб партия үміткерінің қатысуымен үгіт шараларын жүргізді. Д.Еспаева "Технопром текс" ЖШС, "Мерусар и К" біржолғы медициналық өнімдер зауытына, "Қазэнергокабель" АҚ-ына барды. Мұнда кабель мен өткізгіштің 15 мыңнан аса түрі жасалады. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өнімнің сапасы мен кең ауқымдылығына қарамастан, шетел кәсіпорындарымен бәсекелесу қиын. Ресей, Беларусь, Өзбекстан өнімдерінің өзіндік құны арзан болып, отандық нарықты жаулауда.

Үміткер отандық өнеркәсіптің проблемалары барлық өңірде бірдей екенін, мемлекеттің шағын және орта бизнесті ғана емес, үлкен компанияларға да қолдау көрсетуі қажеттігін айтты.

29 мамырда Д.Еспаева Екібастұз қаласында болып, жергілікті кәсіпкерлермен, энергетиктермен және әлеуметтік сала жұмыскерлерімен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Екібастұздағы халық саны 150 мыңнан асады. Қала тұрғындарының хабарлауынша, соңғы жылдары мектеп бітірушілер Ресейге оқуға түсе бастаған. Олар онда техникалық бағыттағы сапалырақ білім алып, жұмыспен қамтылады.

"Дарынды жастарымыз сыртқа кетуде, бұл мәселеге баса назар аудару қажет. Техникалық қана емес, барлық сала бойынша білім сапасын көтеру қажет. ЖОО бітірушілер тәжірибесінің жоқтығына қарамастан жұмыспен қамтылуы тиіс", – деді Дания Еспаева.

Сұрақ-жауап және естелік фото

"Ұлт тағдыры" ұлттық-патриоттық қозғалысынан үміткер Әміржан Қосанов және оның штабының өкілдері әр өңірді аралап жүр.

31 мамырда президенттіктен үміткердің өзі Павлодар облыстық сайлауалды штабының белсенділерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Іс-шарада кандидаттың сайлауалды платформасы кеңірек талқыланды. Кандидат түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді.

Сайлаушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді, оған сұрақтарын қойды.

30 мамырда Алматыдағы Ұлттық кітапханада Ә.Қосановтың қалалық сайлауалды штабының мүшелерінен және сенімді өкілдерінен құралған үгіт-насихат тобы мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Кездесудің модераторы қалалық штаб бастығы Мақсат Жақау болды. Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, кандидаттың түрлі мәселеге көзқарасы жайында баяндап берді. Сондай-ақ олар қатысушылардың туындаған сұрақтарына жауап берді.

Белсенділік танытқан қатысушылар түрлі мәселе бойынша өз пікірлерімен бөлісіп отырды.

29 мамырда Ә.Қосановтың Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды штабы Зайсан, Аягөз, Қалбатау, тағы басқа кенттерге келді. Штаб өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Халықпен кездесуде сенімді өкілдер тұғырнаманың негізгі бағыттарын атап өтіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Іс-шара барысында ауыл тұрғындары, ақсақалдар сөз сөйлеп, өз көзқарастарымен бөлісті, бірқатар мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды.

Кездесу соңында қатысушылар ортақ естелік фотосуретке түсті.

Форум және бірегей балмұздақ өндірісі

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан үміткер Төлеутай Рақымбеков пен оның штабы мүшелері ауылға мән берді.

31 мамырда партия жастары кандидатты қолдап, Орал қаласында форум өткізді. Жиында қазіргі жастар мәселесі, оның ішінде жұмыссыздықпен күрес, баспанамен қамту және ұлттық құндылықтарды сақтау төңірегінде сөз болды. Т.Рақымбеков үнемі ауыл жастарына жағдай жасау керектігі жайында айтады. Әйтпесе, қазіргі жаппай урбанизацияның салдары шағын елді мекендердің жойылып кетуіне әкелуі мүмкін.

30 мамырда үміткердің өзі Маңғыстау облысының тұрғындарына сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Ол аймаққа тән мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын ұсынды.

"Маңғыстау өңірінде күнделікті тұтынатын азық-түліктің басым бөлігі басқа аймақтардан әкелінеді. Соған сәйкес, баға да жоғары. Бұл мәселені шешу үшін ауыл-аймақта жылыжайларды көбейту керек", – деді Т.Рақымбеков. Бұған қоса, шұбат өндірісін бір жолға қойып, табыс көлемін еселеп арттыруға болады. Осы тектес бастамалаларға қазір мемлекеттен жақсы қолдау бар. Енді соны уақытылы алудың және тиімді қолданудың жолдарын білу маңызды дейді үміткер.

29 мамырда Атырау облысына сапары барысында ауылдық кәсіпкерлерді мазалаған мәселелер тыңдады. Оны шешуге қатысты ұсыныстарын айтты. Атырау облысындағы шаруа қожалығы жуырда ешкі сүтінен балмұздақ жасау бастамасын қолға алыпты. "Сарайшық" кәсіпорнында ұсақ малдан 14 түрлі өнім шығарады, бұл – бірегей аграрлық ферма. Т.Рақымбеков оның жай-жапсарымен танысып, мембағдарламаларды тиімді қолданудың тетіктеріне тоқталды.

Білім мамандары мен қаржыгерлер кәсіподағы

ҚР Кәсіподақтары федерациясы атынан үміткер Аманкелді Таспихов және оның штабының өкілдері кәсіподақтар күшіне иек артуда.

31 мамырда А.Таспихов өзінің сенімді өкілдерімен бірге, Ақтау қаласында сайлауалды іс-сапармен болып, аймақтық сайлауалды штаб мүшелерімен, сенімді тұлғалармен және батыс өңірінің сайлаушыларымен кездесті.

Үміткер Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы драма театрында кездесу өткізіп, қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Осыдан кейін А.Таспиховтың республикалық штабының сенімді өкілдері үміткердің аймақтық қоғамдық штабына келіп, "Кәсіподақтар үйінің" конференц залында атқарылған жұмыстармен танысты.

30 мамырда "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымының" төрайымы, А.Таспиxовтың сенімді өкілі Тарбия Баймбетова Мұнайлы ауданының білім беру ұйымдарының директорлары, іс-жүргізуші кадр мамандары, есепшілері және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен "Сайлауалды қызу жұмыс" тақырыбында кездесу өткізді. Жүзге жуық адам қатысқан жиын барысында үміткердің сайлауалды тұғырнамасы таныстырылды.

29 мамырда А.Таспиховтың сенімді өкілі – "Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағының" Атырау облыстық филиалының төрағасы Шыңғыс Абилов облыстық "жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар", "қаржы" басқармаларының ұжымдарымен кездесіп, қатысушыларды кандидаттың өмірбаянымен таныстырды, оның сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттары туралы айтып өтті.

Жақтастар форумы және халық денсаулығы

Nur Otan атынан үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері ауқымды шараларға ден қоюда.

31 мамырда Алматыда 5 мың адамның басын қосқан Қ.Тоқаев жақтастарының форумы өтті. Мұнда штаб мүшелері кандидаттың бағдарламасы Елбасы саясатының сабақтастығына, әділдікке және өсіп, өрлеуге табан тірейтінін айтты. Штаб мүшелері С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесу де ұйымдастырды.

"Халық денсаулығын жақсарту кандидатымыздың басымдықтарының бірі. Алдағы уақытта бұл жүйеге жұмсалатын шығынды тұрақты негізде арттыру көзделіп отыр. Бағдарламада сапалы медициналық қызметті қала мен ауылда бірдей қолжетімді ету, еліміздің барлық аймағында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау саласын толық материалдық-техникалық жабдықтау сияқты нақты шаралар қарастырылған", – деді РҚШ басшысы Мәулен Әшімбаев.

30 мамырда штаб мүшелері алматылық кәсіпкерлермен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында бұл салаға ерекше басымдық берілгенін айтты. Ал қала жұртшылығымен кездесуде бағдарламаның негізгі басымдықтары мен халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты ұсыныстар сөз болды.

29 мамырда Қ.Тоқаев штабы өкілдері Жамбыл облысында болды. Кандидаттың жақтастары аймақ жұртшылығымен, жастарымен және еңбек ұжымдарымен жүздесті. Кездесу соңында оның қолдаушылары #BIRGE акциясының аясында студент жастардың кандидатқа жолдаған ұсыныстар мен талап-тілектерін жинады.

Автошеру және ұлттық ат спорты

"Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан үміткер Сәдібек Түгел де сайлаушылар есінде сантүрлі акция ұйымдастыруымен есте қалуға тырысуда.

31 мамырда оның сенімді өкілдері Түркістанда автошеру өткізді. Кандидаттың сенімді өкілдері түркі әлемі қасиет тұтатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осы тұстан басталған автошеру көне Отырардағы Арыстанбаб кесенесіне дейін жалғасты. Кандидаттың бағдарламасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуге, шетелдердегі қандастардың атамекеніне оралуына жағдай жасауға баса назар аударылған. Үміткердің сенімді өкілдері осы және басқа да өзекті мәселелерді халыққа кең көлемде түсіндіруге тырысты.

Осы аптада С.Түгелдің Алматы облысы бойынша сенімді өкілдері ұлттық және ат спорты түрлеріне маманданған спорт мектебінің ұжымымен, қала тұрғындарымен кездесті. Штаб өкілдері үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, бұған дейін өткен іс-шаралар жөнінде есеп берді. Өңірлік штаб жетекшісі Бақытгүл Қожабергенова үгіт-насихат материалдары, атқарылып жатқан жұмыстар жайында жан-жақты мәлім етті. Жиында ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселесі де сөз болды. Қатысушылар штаб жетекшілеріне көкейлерінде жүрген әртүрлі сұрақтар қойып, жауап алды.

Үміткердің сенімді өкілі, журналист Ғалия Балтабай Павлодар жұртшылығымен кездесті. Қаладағы Бұқар жырау атындағы музейде өткен жиында үміткердің сайлауалды тұғырнамасы талқыланды. Сенімді өкіл кездесуге жиналған көпшілікті кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен жан-жақты таныстырып, сұрақтарына жауап берді. Жиналғандар алдында "Сағым жылдар" ансамблі өнер көрсетті.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу